
Израиль Газаның Насера ауруханасына шабуыл жасап, салдарынан соғыс аймағында жұмыс істеп жүрген 4 журналист қаза тапты. Көз жұмғандардың арасында Reuters агенттігінің журналисі де бар екені айтылады.
Басылым мәліметінше, әуеден жасалған шабуыл салдарынан кемінде 15 адам қаза тапқан.
Израиль әскері ауруханаға екі рет шабуыл жасаған. Бірінші шабуыл кезінде ауруханадан тікелей эфир жүргізіп жатқан кезде Reuters агенттігінің операторы Хуссам аль-Масри қаза тапқан. Түсірілім тікелей эфир сәтінде үзіліп кеткен.
Келесі соққы кезінде жарылыс орнынан барған журналистер мен бір құтқарушы қаза тапқа. Газа денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, Хуссам аль-Масриден бөлек Мариам Абу Дагга, Мохаммед Салама, Моаз Абу Таха қаза тапқан.
Екінші шабуылда фотограф Хатем Халед жарақат алған. Оның да Reuters агенттігімен жұмыс істегені белгілі болды.
Жалпы, Израиль шабуылынан Газада 240-тан астам бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі қайтыс болған.
Айта кетейік, Израиль Газа секторын толық басып алуды көздеп отыр. 21 тамызда Газа қаласын басып алу операциясының басталғаны туралы ресми хабарланды. Бұл мақсатта резервте жүрген 10 мыңға жуық әскери қызметке шақырылған.
Күні кеше, 24 тамызда Израиль Хан Юнистегі босқындар лагеріне шабуыл жасап, 30 адам қаза тапқаны хабарланды.