«Іледе күтемін»: Қазақстан мен Қытай бірлесіп телехикая түсіре бастады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Қазақстан мен Қытай киногерлері бірлесіп телехикая түсіреді / Фото: 7 арна

Қазақстан мен Қытай киногерлері бірлесіп «Іледе күтемін» атты телехикаясын түсіріп жатыр. Туындыны көрермен 2026 жылы тамашалай алады.

Сериалды «Жетінші арна» мен Қытайдың Шыңжаң мемлекеттік телерадио хабар тарату желісі бірлесіп түсіріп жатыр. Қыркүйек айының басында түсірілім жұмыстары Алматы қаласы мен Алматы облысында жалғасады деп жоспарланып отыр.

Туынды туралы

Драмалық хикая 8 бөлімнен тұрады. Сериал қытайлық зергер қыздың оқиғасы негізделедіү Мұнда басты рөлді қазақстандық актриса Аружан Бекболат сомдайды. Ал басты кейіпкер қытайлық этникалық қазақ жігіттің рөлін актер Цзян Ихао сомдайды.

«Біз бұл жобада Іле мен Алматының сұлулығын, өңірдің көпұлтты мәдениетін және жастар үшін жаңа мүмкіндіктерді көрсеткіміз келеді. Бұл жоба достықты, мәдени қарым-қатынасты және кәсіпкерлікті қамтиды», – дейді сериалдың продюсері Үміт Еркін.

Продюсердің айтуынша, телехикаяда Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара маңындағы сауда, ел арасындағы визасыз режим мәселесі мен екі елдің экономикалық және мәдени байланыстары да көрініс табады.

Түсірілім қайда өтеді?

Түсірілім Қазақстан мен Қытайдың ең әдемі аймақтарында жүргізіледі. Атап айтқанда, туындыда Алматы облысының табиғаты сұлу аймақтары, Іле өзенінің жағасы, сондай-ақ Шыңжаңдағы таулы өңірлер мен көне қалалар көрініс табады. Екі елдің бірлескен жобасында Лидия Кәден, Дария Жүсіп, Сюй Хао, Ли Лэ сынды танымал актерлер де қатысады.

Қытайдағы этникалық қазақтардың мәдениеті

Телехикая авторлары туындыда Қытайда тұратын этникалық қазақтардың мәдени болмысын көрсетуге ерекше көңіл бөлінетінін атап өткен. Сондай-ақ жоба Қазақстанның туристік әлеуетінен де хабар береді.

«Сериал «Жетінші арнада» және Қытайдың жетекші телеарналарында көрсетіледі. Сонымен бірге, жобаға онлайн платформалар да қызығушылық танытып отыр. Бұл кең аудиторияны қамтып, Қазақстан мен Қытайдан бөлек, өзге елдердің де көрерменін табады. Мұндай бірлескен жобалар туризмнің, креативті индустриның дамуына тың серпін беріп, достықты насихаттайды», – деді «Жетінші арнаның» бас директоры Илхам Ибрагим.

Айта кетейік бұған дейін Қытай киногерлері түсірген телехикая көрермен көңілінен шаққан туындылардың бірі болды. Бұл туындыдан кейін Шыңжаңның Буршын аймағына туристер ағыны артып, 68%-ға жеткен. Ал одан түскен табыс 402 млн юаньді (шамамен 24,7 миллиард теңге) құраған. Сериалдың алғашқы бөлімдерінің қаралымы екі күннің ішінде 10 млн-нан асып түскен.

«Мен сені Іледе күтемін» сериалының авторлары да осындай көрсеткіштерге қол жеткізуге ниетті. Телехикая премьерасы 2026 жылға жоспарланған.

Сондай-ақ оқыңыз