
Педагог өз құзыретіне кірмейтін оқыс жайттар үшін айыпталудан қорғалады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Ғани Бейсембаев мәлімдеді.
Министрліктің ақпаратына қарағанда, биылғы оқу жылында ата-аналар комитеттері трансформацияланады. Жаңа мектептер, бірыңғай дизайн-код, жасанды интеллект мәселесі қолға алынып, педагог мәртебесі бекітіледі.
Ғани Бейсембаев осы тақылеттес алдағы оқу жылының басты міндеттерін айқындаған.
«Педагог өз құзыретіне кірмейтін оқыс оқиғаларға байланысты негізсіз айыптаулардан қорғалуы керек. Бұл – мемлекеттің негізгі ұстанымы. Мұғалімді қорғау арқылы біз балаларды және олардың сапалы білім алуға деген құқығын қорғаймыз», – деді министр.
Ғани Бейсембаев бұл жөнінде Шымкент қаласында «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында қалалық тамыз конференциясы кезінде хабарлаған.
Айта кететін жайт, бұл шараға 2 мыңнан астам ұстаз және мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысқан.
Министрдің сөзіне қарағанда, білім беру жүйесінде ауқымды шаралар жүргізіп жатыр. Мұның алдында Тоқаев та мұғалімдердің құқықтарын қорғауға және қызметіне жатпайтын міндеттерден босатуға баса назар аударған еді.