Хабиб: Шавкат Рахмонов – қауіпті қарсылас

Шавкат Рахмонов Ислам Махачев үшін қауіпті қарсылас. Хабиб Нурмагомедов қазақстандық жайында осындай пікір білдірді.
Fight Nights Global промоушенының президенті Камил Гаджиев оған «Джек Делла Маддаленаны жеңіп, чемпион атанса, жартылай орта салмақта Ислам Махачевке қауіп төндіретін кім бар?» деп сұрақ қойған.
«Мен Шавкатты құрметке лайық әрі қауіп тудыратын қарсылас ретінде көремін. Шавкат жекпе-жектері арқылы 77 келіде нағыз қатерлі қарсылас екенін дәлелдеді», – деп жауап берді Хабиб Нурмагомедов.
Оның пікірінше, Шавкат Рахмонов басты қарсылас. Белал Мухаммад та мықты. Алайда даңқты жауынгер Иан Гарриді онша қаһарлы қарсылас деп санамайтынын жеткізді.
«Ал Шон Брэдиді мүлдем қауіпті көрмеймін. Стильдік тұрғыда тым ыңғайлы. Ислам оны соққы алмасуда басым түседі. Ал күресте… ол Исламның аяғынан ұстап қалады. Америкалық күрес мектебі, бұл. Олар аяққа өтсе, ары қарай дамыта алмайды. Сонда қалып қояды. Мықты, жақсы файтер. Бірақ Брэдиден соншалықты қауіп көрмеймін», – деді Хабиб.
Оның айтуынша, Ислам Махачевке қарсы тұра алатын үштік бар. Ол – Шавкат Рахмонов, Белал Мухаммед, Джек Делла Маддалена.
«Маддаленамен жекпе-жек ресми деуге болады, бірақ оны UFC өздері жариялағысы келеді. Жақында хабарлауы тиіс», — деді Хабиб Нурмагомедов.
Мұның алдында Шавкат Рахмоновтың бапкері Эдуард Базров файтердің октагонға оралуына қатысты сұраққа жауап берген еді.