Жаңалықтар

Елімізде 3,1 млн тонна астық бастырылды

Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Елде егін жинау науқаны жүріп жатыр. Дәл қазір 15 өңірден астық жиналып жатыр деп хабарлайды ауыл шаруашылық министрлігінен.

Соңғы дерек бойынша, 2,2 млн гектар дәнді дақыл орылған. Бұл жалпы егіс алқабының 13,7%-ын құрайды. Жалпы 3,1 млн тонна астық бастырылған. Одан бөлек:

  • 24,4 мың тонна майлы дақыл
  • 525,5 мың тонна картоп
  • 1,6 млн тонна көкөніс
  • 1,8 млн тонна бақша дақылдары жиналған

«Көкөністер бойынша да жоғары өнімділік байқалады: 319,5 мың тонна қырыққабат жиналып, гектарынан 375,4 центнер өнім алынған, 256,7 мың тонна пияз жиналып, гектарынан 390 центнер өнім алынған, 98,8 мың тонна сәбіз жиналып, гектарынан 298,1 центнер өнім алынған», – деп хабарлайды министрліктен.

Олардың қатарында Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары, сондай-ақ Абай, Жетісу облыстары мен Шымкент қаласы бар.

Ведомство дерегінше, өзгелермен салыстырғанда Шығыс Қазақстан, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және Жетісу облыстары ең жақсы көрсеткіш тіркелген.

Айта кетейік, Қазгидромет  орақ науқанына арналған ауа райы болжамын жариялады. Қыркүйектің бірінші жартысында елдің батысындағы кей жерлерде ғана жаңбыр жауады, бірақ жалпы ауа-райы жағдайы егін жұмыстары үшін жаман болмайды дейді мамандар. Солтүстік аймақтарда, керісінше, айдың бірінші жартысында жаңбыр жауады деп болжанады.