«Маман» бағдарламасы: Жетісуда 5% ипотекаға өтінім қабылдау басталады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: ашық дереккөзден

Жетісу облысында «Отбасы банк» 5% мөлшерлемемен «Маман» атты ипотекалық бағдарламасын іске қосты. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі хабарлайды. Бағдарлама жұмысшы мамандық иелері мен әлеуметтік сала қызметкерлеріне арналған.

Бағдарлама Жетісу облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып отыр. Оған білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, энергетика, бұқаралық ақпарат құралдары саласының өкілдері қатысып, жеңілдетілген шартпен баспана сатып ала алады. Өтінімдер 2025 жылғы 25 тамыздан 5 қыркүйекке дейін қабылданады.

Несие сомасы – 20 млн теңгеге дейін, бастапқы жарна – кемінде 10%, пайыздық мөлшерлеме – жылдық 5%. Қатысушыларға алғашқы және қайталама нарықтағы тұрғын үйді немесе жер телімі бар жеке үйді сатып алуға мүмкіндік беріледі.

Өтініш берушінің жасы – 63 жасқа дейін. Соңғы бес жылда оның және отбасы мүшелерінің атына тұрғын үй тіркелмеуі тиіс. Сондай-ақ Жетісу облысында кемінде 3 жыл тұрақты тіркеуі және аймақтағы еңбек өтілі 1 жылдан кем болмауы қажет. Бағдарламаға тек ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады.

Құжаттарды аудандық және қалалық ТКШ бөлімдеріне тапсыру керек. Өтінімдерді әкімдік жанындағы тұрғын үй комиссиясы балдық жүйе бойынша бағалайды. Бағалауда жас ерекшелігі, еңбек өтілі, отбасылық жағдайы, кәмелетке толмаған балаларының болуы, тұрғын үй кезегі, банктегі салым және өңірдегі тіркеу мерзімі ескеріледі. Ең жоғары мүмкіндік – жас мамандарға, балалы отбасыларға және әлеуметтік тұрғыда осал топтағы кезектегілерге беріледі.

Өтінім тапсыру үшін қажет құжаттар: әкімдіктен жолдама, жеке куәлік, неке қию және балалардың туу туралы куәлігі, табыс туралы және тұрғын үйдің жоқтығы жөніндегі анықтама. Жеке кәсіпкерлер қосымша соңғы 12 айдағы банк шотынан үзінді көшірме тапсыруы тиіс.

Еске салайық, бірінші қыркүйектен бастап «Орда Аймақ» бағдарламасы бойынша ипотека рәсімдеу жеңілдейтін болды. Енді ипотека алу үшін басқа бір жылжымайтын мүлікті кепілге қою қажет емес.

Сондай-ақ оқыңыз