«Нұр Әлем» шары Астана әкімдігіне өтеусіз берілді

2024 жылы әйгілі «Нұр Әлем» сферасы елорда әкімдігіне берілді. Бұл ақпаратты QazExpoCongress компаниясы өзінің жылдық есебінде ұсынды.
Астана әкімдігінің қаулысымен QazExpoCongress компаниясы EXPO-2017-нің ең танымал нысаны – «Нұр Әлем» сферасын елорданың құрылыс басқармасына өтеусіз тапсырды. Құжатта нысанның аумағы 37,8 мың шаршы метрді құрайтыны, ал оның баланстық құны ҚҚС-ты қоса алғанда 86,7 млрд теңге екені көрсетілген. Ғимарат мемлекеттік субсидиялар есебінен салынған.
Сфера 2024 жылдың желтоқсанынан бастап келушілерге жабық. Ғимаратта мұражай, жасанды интеллект зертханалары, бірнеше мектеп, стартаптарға арналған кеңселер және мемлекеттік процестерді талдау мен басқаруға арналған жағдаяттық орталық орналастырылады деген жоспар бар.
QazExpoCongress компаниясы EXPO-2017 көрмесін ұйымдастыруға жауапты болды, ал оның аяқталғанынан кейін нысандарды пайдалануды өз қолына алды. 2025 жылғы мамырда үкімет QazExpoCongress компаниясының 100% мемлекеттік акция пакетін иелену және пайдалану құқығын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне берді.