Lifestyle

Roblox: жай балалар ойыны ма әлде алаяқтардың жаңа құралы ма?

Фото: shutterstock

Балалар арасында кең танымал Roblox ойынын алаяқтар өз мақсатына пайдалануы мүмкін. Қаскөйлер чаттарда балалармен сөйлесіп, олардың сеніміне кіріп, жабық каналдарға шақырып, өз мақсатына пайдалануға тырысады.

Bloomberg пен Wired басылымдарының жазуынша, АҚШ-та Roblox арқылы балалармен таныспақ болған ондаған ер адамға қарсы іс қозғалған. Сондай жағдайдың бірі Солтүстік Каролинада тіркелді. Күдіктіні 10 жастағы қызға Roblox-тың ішкі валютасын беріп, орнына жалаңаш суретін жіберуді сұраған деп айыптады.

Еуропада да Roblox-та жасөспірімдер танысып, оларды жабық чатқа шақырып, бопсалаған жағдайлар тіркелді. Қазір Түркия, Катар мен Кувейтте бұл ойынға шектеу қойылды. Индонезия билігі егер чаттағы фильтрді күшейтпесе, толығымен тыйым салатынын ескертті.

Қазақстанда шектеу сала ма?

Қазақстанда Roblox ойынына шектеу салу туралы әңгіме қозғалған жоқ. Бірақ Оқу-ағарту министрлігіндегі Балалардың құқығын қорғау бойынша комитет ата-аналарға қауіпсіздік туралы ескертті:

  • Балалар интернетте отбасы, телефоны, мекенжайы туралы жеке дерегін жарияламауы керек. Анонимді чаттар мен жабық топтарға қосылмағаны жөн.
  • Ата-аналар балалар ойнайтын онлайн ойындарды да қадағалап отыруы керек.

Қандай жағдайға ерекше мән беру керек:

  • Бала тым тұйық немесе ашушаң болса
  • Ұйқысы бұзылып, шошып оянса
  • Аяқ астынан денесінде көгерулер пайда болса
  • Қорқынышты видеолар мен символарды жиі көрсе ата-ана баламен сөйлескені жөн.

Күдікті белгілер байқалса полицияға (102), мектеп психологына немесен тәулік бойы істейтін сенім телефонына («111») хабарласқан жөн.