Forbes тізіміндегі миллиардер Қонаев қаласында зауыт салады

Жарияланды
Жалпы, Қонаев қаласында қазіргі уақытта құны 240 млрд теңгеден асатын 11 ірі инвестициялық жоба қолға алынған / фото: Agropress
Фото: Agropress

Алматы облысының орталығы мәртебесін алғалы бері Қонаев экономикасына 308,8 млрд теңге инвестиция құйылды. Қалада жыл соңына дейін екі жаңа зауыт салынады. Бұл туралы Kursiv.Media өңір әкімдігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.

Облыс әкімдігі Қонаев қаласына инвестиция тарту, өнеркәсіпті дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқаны туралы мәлімет жариялады. Қалада «Оспанова Девелопмент» балық өңдеу зауыты іске қосылғаны, жұмыс істеп тұрған кәсіпорын жаңғыртылып жатқаны айтылды. Қонақ үйлер мен демалыс аймақтарының құрылысы жүргізіліп, жаңа жұмыс орындары ашылған.

Ресми деректерге сәйкес, Қонаев қаласының инвестициялық портфелі жалпы құны 2,4 трлн теңге болатын 39 жобадан тұрады. Олар 2030 жылға дейін жүзеге асырылып, 17 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Соның ішінде 11 жоба туризмді дамытуға бағытталған.

«Биыл біз 650 млн теңге инвестиция есебінен «Текемет» мейрамхана-қонақ үй кешенін, 10,1 млрд теңгеге «АСП Арена» ойын-сауық орталығын аштық. Жыл соңына дейін екі зауытты – сусын өндіретін «Run Planet» пен май, ұн және құрама жем шығаратын «Қапшағай бидай өнімдері» кәсіпорнын іске қосуды жоспарлап отырмыз», – деді қала әкімі Асхат Бердіханов.

Оның айтуынша, 2026 жылы Қонаев қаласында 48 төсек-орынға арналған кардиология орталығы пайдалануға беріледі. Жобаның құны – 1,5 млрд теңге.

Қазір қалада жүгері таяқшаларын өндіретін «АЯМ» зауытының өндірісі кеңейтіліп жатыр. Бұған қоса жаңа жобаларға қатысты жобалық-сметалық құжаттама дайындалады.

Қонаев қаласында 12 өнеркәсіп жұмыс істейді. Облыс құрылғалы бері жалпы өндіріс көлемі 410,2 млрд теңге болды.

Компаниялар кімге тиесілі

Әкімдік таратқан мәліметтегі «Оспанова Девелопмент» бірнеше компания арқылы Татьяна Ивженкоға тиесілі.

Қазақстанда Run Planet деп аталатын компания жоқ. Бірақ Run Planet Organic деп аталатын фирма бар. Ол Алматыда шырын шығарумен айналысады. Оның төрт акционері бар. Олар: Мадияр ТөлегеновДинара ГумароваЕгор Хахулин және Думан Нұрбаев. 

Мадияр Төлегенов Шымкент мәслихатының депутаты Бекайдар Төлегеновтің ұлы болуы мүмкін.

«Қапшағай бидай өнімдері» миллиардер Тимур Құлыбаевқа, «К-Агро Холдинг» арқылы Алматы әуежайы директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Дәурен Ердебайға (осы қызметті 2020 жылға дейін атқарған), сонымен бірге XIYU Agricultural PTE.LTD шетел компаниясына тиесілі.

«АЯМ» компаниясының қожайындары: Евгений және Иван Яковцевтер.

Сондай-ақ оқыңыз