Қазақ моделі әйгілі Uniqlo жапон брендінің бетбейнесі атанды

Жарияланды 25 Тамыз 2025 13:27

Ольга Знаменская

Ольга Знаменская

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Фото: Instagram/@mukhamedgaliyevaaa

23 жастағы қазақ моделі Алина Мұхамедғалиева әлемге әйгілі Uniqlo жапон брендінің жарнамасына түсті. Жас қыз кәсіби жұмысындағы айтулы жетістігін жас қыз Instagram-дағы парағына жазды. Бұл туралы Kursiv.Media хабарлайды.

Модель Uniqlo брендінің дүкеніне кіріп, өзінің суретін көрсетті. Сауда үйі Индонезияның Бали аралында орналасқан. Мұхамедғалиева жариялаған шағын роликте әлемнің басқа да елдеріндегі бренд дүкендеріне ілінген баннерлер көрсетілді. Онда да қазақ моделінің суреті жүр.

«Өңім бе, түсім бе?» – деп жазды қуанышын жасыра алмаған қыз. Желі қолданушылар да оны құттықтап жатыр.

Ерлер мен әйелдерге, балаларға арналған күнделікті киім ұсынатын Uniqlo брендінің бүкіл әлемде миллиондаған тұтынушысы бар. Қазақстанда да аз емес. Алайда елде оның не офлайн, не онлайн дүкені жоқ. Бірақ өнімдерін басқа елден, мысалы Оңтүстік Корея немесе АҚШ-тан тапсырыспен алдыруға болады.

Алина Мұхамедғалиева Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданы Талшық аулында туған. Саясаттанушы мамандығы бойынша білім алған. Студент қыз Алматыда оқып жүрген уақытта күтпеген жерден модель саласына келген. Қазір ол келісімшартпен Токиода жұмыс істейді.

Оның кәсіби жетістіктері баршылық. Мәселен, биыл көктемде ол Vogue корей журналына түскен. Сол кезде Алина жүздеген қыз армандаған, таласқан жобада озып шыққан. Модель портфолиосында New Balance брендімен жұмыс істегені туралы мағлұмат бар.

Бұған дейін Kursiv.Media модель бизнесінде халықаралық жетістікке жеткен қазақстандықтар туралы жазған.

Сондай-ақ оқыңыз