Валюта бағамы: доллар тағы арзандаса, Биткоин құны 111 мыңнан төмен түсті

Жарияланды 25 Тамыз 2025 16:19

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Қазақстанда доллар қымбаттады / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
Коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан қор биржасындағы (KASE) күндізгі сауда барысында 1 АҚШ доллары 535,99 теңге болды. Ұлттық валюта тағы 1,37 теңгеге нығайды. Бұл уақытта, Биткоин бірден 3%-ға арзандап, 111 мың долларға дейін түсіп қалды.

Доллар арзандап жатыр

Ұлттық валютаның долларға шаққандағы бағамы он күннен бері үздіксіз төмен түсіп келеді. 15 тамызда ғана 1 доллар 540 теңгеден жоғары бағаға саудаланған. Ал шілденің аяғында 550 теңге дейін жеткен. Содан бері доллар шамамен 15 теңгеге арзандағанын көріп отырмыз.

25 тамызда қор биржасында АҚШ валютасы 535,99 теңгеге дейін түсті. Өткен аптаның аяғында биржадағы сауда 537,37 теңгемен жабылған.

Қазақстандағы екінші деңгейлі банктер Құрама Штаттар валютасын шамамен 535,78 теңгеден саудалайды.

Kurs.kz мәліметінше, Алматы қаласындағы валюта айырбастау мекемелерінде 1 доллар 536 теңгеден қабылданып, 537,5 теңгеден сатылып жатыр. Астанада, әдеттегідей, бағам сәл жоғарырақ – 533 және 540.

Криптовалюта нарығы

Дүйсенбі күні криптовалюта нарығында айтарлықтай өзгеріс болды: Биткоин (BTC) бірден 111 мың доллардан төмен түсіп кетті. Осылайша Bitcoin 1.5 ай бұрынғы ең төменгі көрсеткішке қайта оралды.

Қазір BTC 110 мың 960 доллардан саудаланып жатыр. Ол бір тәулікте 3,26%-ға арзандаған.

Биткоинның нарықтағы капиталы – шамамен 2,2 трлн доллар.

Дереккөз: coindesk.com

Биткоин ғана емес, 25 тамызда криптовалютаның басқа түрлері құнын жоғалтты. Бір тәулік бұрын ғана 5 мың долларға жетіп, тарихи рекорд орнатқан Ethereum (ETH) бүгін қайтадан арзандады. Қазір Эфириум шамамен 4,5 мың доллардан саудаланып жатыр.

Binance Coin (BNB) бар болғаны 1%-ға құнын жоғалтты – 852 доллар. Ал Solana (SOL) 4%-ға арзандап, 195 доллар болды.

Сондай-ақ оқыңыз