Lifestyle

Chery бағасы 2,6 млн ғана тұратын көлік шығарды

Жаңартылған QQ Ice Cream 205 Sundae Edition электромобилінің ұзындығы 3 метрден сәл ғана асады / Фото: Autohome

Chery компаниясы жаңартылған QQ Ice Cream 205 Sundae Edition электромобилін нарыққа шығарды. Бағасы шамамен бұрынғыдай 5 мың долларды (2,6 млн ) ғана құрайды. Ал техникалық мүмкіндіктері айтарлықтай күштірек бола түсті. Мәселен енді көлік бір зарядпен 205 шақырымға дейін жүре алады.

Айта кетейік бұл  модель өте шағын, оның ұзындығы 3 метрден сәл ғана асады, ал дөңгелектерінің арасындағы қашықтық 2 метрге де жетпейді. Дегенмен сырт келбеті заманауи әрі ойнақы көрінеді.

«Қос түсті кузов пен салонда опциялар жиынтығы көбейген. Мұнда Android негізіндегі 9 дюймдік сенсорлы экран, артқы көрініс камерасы, Bluetooth, Wi-Fi, кондиционер, тіпті дауыс арқылы басқару жүйесі де бар. Мұндай бағаға бұл – нағыз фантастика», – деп жазады дереккөз.

Фото: Autohome

Қозғалтқыш қуаты – 41 ат күші, ал айналу моменті – 90 Н·м.

«Динамикасы аса жоғары емес, бірақ қалалық көлік үшін жеткілікті. Есесіне электрокар тез қуатталады, батареясы 30-дан 80%-ға дейін жарты сағатта толады, ал толық қуаттау шамамен бес сағат уақыт алады», – делінген  хабарламада.

Фото: Autohome

Сарапшылардың айтуынша, QQ Ice Cream – бағасы, стилі мен ыңғайлылығы маңызды жастар мен белсенді өмір салтын ұстанатындар үшін жасалған көлік. Бұл – қалалық электрокар, ол Wuling немесе BYD секілді шағын электромобильдермен ғана емес, сонымен қатар шағын бензинді көліктермен де бәсекеге түсе алады.

Chery концерні бұған дейін iCar желісіндегі жаңа үлгісін, V27 жол талғамайтын көлігін таныстырған болатын.