
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров экобелсенді Андрей Панаевты қабылдап, оған автокөлік сыйға тартты. Оған бұл сыйлық Ыстықкөл жағалауындағы қоқыстарды тұрақты түрде жинап отырғаны үшін берілген.
Садыр Жапаров оның еңбегі жайлы әлеуметтік желіден білген және қоғамға үлгі болғаны үшін жеке алғыс білдіргісі келген.
Андрей Панаев Ресей азаматы, Набережные Челны қаласының тумасы.
«Сіздің ісіңіз – көптеген адамдарға үлгі. Экология мен табиғат үшін шекара жоқ. Бар әлем бір ауамен тыныстайды. Сондықтан жер бетіндегі әр адам дәл сіз секілді әрекет етуі керек. Бұл – әркімнің борышы», – деді Садыр Жапаров.
Экобелсенді Қырғызстанға турист ретінде келген. 2024 жылы ол Ыстықкөл жағалауындағы қоқысты тазалап, өз ісімен адамдарды тазалық сақтауға үндей бастайды. Кейін ол бұл елде біржола қалуға шешім қабылдап, Қырғызстанды өзінің үйі деп атайды.
Ыстықкөл экологиясына қосқан үлесі үшін мемлекет басшысы Панаевқа жаңа Chevrolet Tracker автокөлігінің кілтін табыстады.
Андрей Панаев 31 жаста. Әлеуметтік желідегі парақшаларында жазылған ақпаратқа сенсек, ол үйінен небәрі 10 доллармен шығып, әлемнің 21 елін аралап үлгерген. Барлық сапарларында ол Нора есімді итін ертіп жүреді.