Жаңалықтар

Қазақстандық әнші «Новая волна — 2025» байқауында бас жүлдені жеңіп алды

Тағы бір қазақстандық әнші Ерназар Жұбанүшінші орынға ие болды / Фото: instagram.com/lim_0n

Alex Lim (Александр Лим) «Новая волна – 2025» халықаралық жас орындаушылар байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Ол – осы фестивальде жеңіске жеткен алғашқы қазақстандық.

Сүйінші жаңалықты әнші өзінің Instagram-дағы парақшасында жариялады. Әділқазы алқасының төрағасы Игорь Крутой қазақстандық әншінің жеңіске жеткенін хабарлайды.

«2025 жылғы Қазандағы «Новая волнада» Alex Lim жеңіске жетті», – деп хабарлады Крутой.

Бас жүлдені  иеленген Alex Lim байқауда әртүрлі бағыттағы ән орындап, көрермендер мен қазылар алқасының қошеметіне бөленді. 33 жасар Александр Лим бүгінде Алматы қаласында тұрады. Өнерпаз әлеуметтік желілерде кавер-видеоларымен танымал. Әнші орыс, ағылшын, итальян, түрік және басқа тілдерде хит әндерді орындап, видеолары мыңдаған қаралым жинаған.

2018 жылы Александр «I’m a singer Kazakhstan» байқауына қатысып, жартылай финалға дейін жеткен болатын.  2021 жылы ол танымал «Голос Украины» шоуына қатысып, Надежда Дорофееваның жетекшілігімен жасырын тыңдалымнан сәтті өтіп, нокаут кезеңіне дейін өнер көрсетті.

Сондай-ақ тағы бір қазақстандық өнерпаз  Ерназар Жұбан да бұл өнер додасында жүлделі орынға ие болды.  Әнші  байқауда жоғары деңгейде өнер көрсетіп, үшінші орынға табан тіреді. Айта кетейік ол өткен жылы Витебск қаласында өткен «Славян базары» халықаралық вокал байқауында бірінші орынды жеңіп алған болатын.  

Еске салсақ бір ай бұрын қазақстандық опера әншісі Әйгерім Алтынбек Италияның Портофино қаласында өткен халықаралық опера әншілері байқауы — CLIP (Concorso Lirico Internazionale di Portofino)-да 1-орын иеленген болатын.