
Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің алдында Яндекс такси көлігін бүлдірген 32 жастағы мектеп мұғаліміне қатысты істі қарады. Сот кабинеті жүйесіндегі сот қаулысына қарағанда, ол Қылмыстық кодекстің «Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдiру» бабымен айыпталған.
«Айыпталушы 2025 жылғы 3 маусымда сағат 05:30 шамасында «Яндекс-GO» такси қызметін шақырған. Шақырылған мекен-жайға автокөлік келіп, алдыңғы жолаушы орынға айыпталушы, ал автокөліктің артыңғы жолаушылар орынға оның құрбысы отырған. Айыпталушы сыра ішкен. Ал құрбысы құсып, автокөліктің ішін былғаған. Такси жүргізушісімен жол ақысынан бөлек, автокөлікті тазалау үшін қосымша қаражат төлейтін болып келіскен», – делінген сот қаулысында.
Десе де бұған айыпталушының ақшасы болмай, кепіл ретінде телефонын берген. Артынан ойланып ұялы телефонын қайтаруды талап еткен. Түсінбеушілік осы кезден басталған. Айыпталушы әуелі сыра бөтелкесімен көліктің панелі мен мониторын, артынан терезесін ұрып сындырған. Мұнымен қоймай жол жиегінде жатқан таспен таксидің бар терезесін ұрып, бүлдірген. Сөйтіп жәбірленушіге айтарлықтай залал келтірген.
Сотта айыпталушы кінәсін толық мойындаған. Шын өкінетінін білдірген. Ол келтірген залалды толық өтеген. Ал жәбірленуші айыпталушыға кешірім беріп, соттан оған қатысты қылмытық істі тоқтатуды сұраған.
«Айыпталушы жәбірленушімен татуласуына және келтірілген зиянды қалпына келтіруіне байланысты Қылмыстық кодекстің 202-бабы 1- бөлігімен қылмыстық жауаптылықтан босатылсын, оған қатысты қылмыстық іс тоқтатылсын» делінген сот қаулысында.
Айта кетейік, сот қаулысы 23 маусым күні шыққан, бүгінде заңды күшіне енген.