Жаңалықтар

Алматы мен Қырғызстанның Қаракөл қаласы арасында автобус қатынайды

Автобус жыл бойы қатынайтын болады/фото: shutterstock

Қыркүйектен бастап «Кеген» өткізу бекеті арқылы Алматы – Қаракөл (Қырғызстан) арасында халықаралық автобус қатынайды. Бұл туралы Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Аскат Алагозов хабарлады.

«Қаракөл – Алматы – Қаракөл халықаралық автобус рейстері қайта жанданады. Бұл бағытта кеңес дәуірінде автобус қатынаған, бірақ әртүрлі себепке байланысты тәуелсіздік жылдарында тоқтатылған. Енді бұл маршруттар жыл бойы қызмет көрсетеді», – деп жазды ол.

Айтуынша, қазір Қырғызстан көлік министрлігі қазақстандық әріптестерімен келісілген автобус рейстерін қайта жандандыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Алагозов бұл шешім Садыр Жапаров пен Қасым-Жомарт Тоқаев арасындағы келіссөзд нәтижесінде қабылданғанын айтып өтті.

Айта кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Бішкектегі Кемел Тоқаев атындағы №33 мектеп-гимназиясына барды.