
Таразда балабақша иесі нысан жанына көлігін қойған кісіге 871 мың теңге төлейтін болды. Бұл туралы Жамбыл облысы сотының баспасөз қызметі хабарлады.
2025 жылдың қаңтарында қатты желдің салдарынан жауапкер «N» ЖШС-не тиесілі балабақша аумағында орналасқан беседканың шатыры ұшып кеткен. Шатыр құлап, балабақша қоршауына және әйелдің көлігіне зақым келтірілді. Әйел іс бойынша талапкер деп танылған.
«Қазгидромет» РМК жауабына сәйкес, оқиға болған күні желдің жылдамдығы 24-30 м/с жеткен, қар мен боран болған.
Балабақша директоры болған оқиғаны растады. Ал көлік иесі 871 мың теңге көлемінде материалдық шығын сомасын өндіріп алуды сұрады. Жауапкер өзінің кінәсін растайтын дәлел жоқтығына сүйеніп, қаражат төлеуден бас тартты.
Сотқа берілген мәліметтерге сәйкес, беседка балабақша директорына тиесілі екені анықталған. Содан кейін Тараз қалалық соты көлік иесіне 871 мың теңге мөлшерінде материалдық залал және бағалау компаниясының қызметіне ақы төлеуге міндеттеді.
Алайда жауапкер сот шешіміне шағымданған.
Азаматтық істер жөніндегі апелляциялық алқа мүліктің иесі объектінің сапасыз салынуына, дұрыс пайдаланылмауына жауапты деген қорытындыға келді. Осылайша бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалды.
Сот актілері заңды күшіне енді.