Семейде Қазақстанда өспейтін ағаштарды кесуге конкурс жарияланған

Абай облысында 40 метрлік ағаштарды кесу үшін 150 млн теңгенің конкурсы жарияланған. Алайда жергілікті прокуратура бұл ағаштардың іс жүзінде жоқ екенін анықтаған. Нәтижесінде конкурс тоқтатылды.
Конкурс қураған ағаштарды кесу және жасыл желектерге күтім жасау бойынша жарияланған.
«Тексеру барысында құжаттарда конкурсқа қатысушыларға негізсіз және шектен тыс талаптар қойылғаны анықталды. Атап айтқанда, биіктігі 40 метрге дейінгі ағаштарды кесуге арналған қымбат жабдықтың болуы талап етілген. Мұндай талап артық, себебі Семей қаласында мұндай биік ағаштар өспейді», – делінген ақпаратта.
Прокуратура Қазақстанда мұндай ағаштар өспейтініне назар аударған.
Конкурс құжаттарында сметалық және техникалық бөлік арасында сәйкессіздіктер болған. Нәтижесінде конкурс жойылып, құжаттама заңнамаға сәйкестендірілді.