
16-17 қыркүйекте Алматыдағы Республика сарайында қазақтың ұлы композиторы Нұрғиса Тілендиев 100 жылдығына арналған ерекше музыкалық қойылымның әлемдік премьерасы өтеді.
«Qustar» – бұл жай ғана концерт емес, халық аспаптары мен заманауи симфониялық дыбыстарды тоғыстырған, жарық пен бейнелер арқылы еркіндік пен қайратты паш ететін 55 минуттық мультимедиялық шоу. Бағдарлама Нұрғиса Тілендиевтің мұрасына негізделіп, қазақ классиктерінің нақыл сөздерімен толықтырылған.
Жобаның бас продюсері Қайрат Құлбаевтың айтуынша, «Qustar» көрерменге музыкалық ләззат қана емес, сонымен қатар өзіндік музыкалық терапия сыйлауды көздейді.
Шоуға халықаралық деңгейдегі шығармашылық топ қатысады. Канадалық композитор Дмитрий Вареланың туындылары, Symphony Orchestra of India (SOI) Mumbai ұжымы, режиссер әрі хореограф Анна Верде, сондай-ақ әйгілі скрипкашы, Қазақстанның ізгі ниет елшісі Марат Бисенғалиевтің орындау шеберлігі көрерменге ұсынылмақ. Сонымен қатар дәстүрлі аспаптарда Абзал Арықбаев пен Анар Қасымова өнер көрсетеді.
Марат Бисенғалиев бұл жобаға қатысуын үлкен мәртебе санайтынын атап өтті:
«Нұрғиса Тілендиев – аңыз тұлға. Әкем екеуміз оның концерттерін жиі тамашалайтынбыз. Кейін Нұрғиса Атабайұлымен жүздесіп, қызы Дінзухрамен таныстым. Үндістан симфониялық оркестрінің Алматыдағы алғашқы концерті осы жоба аясында өтетіні – үлкен қуаныш», – деді музыкант.
«Qustar» шоуы тек премьерамен шектелмейді. Ұйымдастырушылар арнайы альбом жазып, оны цифрлық платформаларда жариялауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар винил нұсқасы шығарылып, жоба әлемнің бірнеше елінде гастрольдік сапарға жол тартпақ. Қазақстан ішінде гастрономиялық және fashion-коллаборациялар да қолға алынып жатыр.
Еске сала кетейік, 2025 жылы 1 сәуірде Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толған еді. Ұлы композитордың тойы халықаралық деңгейде аталып өткен еді.