
Үкімет сағатында премьер-министр Олжас Бектенов жылыту нысандарында жөндеу жұмыстарын уақытынан кешіктіріп жатқан әкімдерді сынға алды.
Жаңғырту жұмыстары тым баяу
Бектеновтің айтуынша, солтүстік аймақтарда жылыту маусымы басталатын уақыт таяп қалды. Алайда, бірқатар өңірлерде жөндеу жұмыстары уақтылы аяқталмаған. Мәселен, Ақмола облысындағы Степногорск жылу электр орталығындағы резервтік қазандықты жөндеу жұмыстары созылып кеткен.
Ал Маңғыстау облысында 2-ші жылу электр орталығында екі турбинаны жөндеу мерзімі шегерілген болса, Ақтау қаласында жылу желілерін жаңғырту жұмыстары тым баяу жүргізіліп жатыр.
«Мұндай мәселелер әр өңірде бар. Бұндай жағдайлар әкімдер тарапынан жоспарлаудың нашар болуы мен қатаң бақылаудың жоқ екенін көрсетеді. Кейбір облыстарда қысқа дайындық бойынша Өңірлік штабтардың жұмыстары мардымсыз болып отыр. Тиісті үйлестіру мен бақылауды жүргізу арқылы көп мәселені уақытылы шешуге болады», – деді Бектенов.
Бектенов талабы
Премьер-министр осы жылдың көктемінде жабдықтарды жөндеу мерзімін негізсіз ауыстыруға жол бермеуді тапсырғанын, бірақ оның лайықты деңгейде орындалмай жатқанын айтты. Үкімет басшысы бұл талапты қай компанияның орындамағанын да атап өтті. Энергетика министрлігінен осылайша талапты бұзатындарға қатысты қатаң шара қолдануды тапсырды.
«KEGOC» компаниясы энергия көздеріндегі жөндеу жұмыстарының мерзімдерін ұзартуға рұқсат беруді жалғастыруда. Бұл орындаушылық тәртіптің төмендігін және тиісті бақылаудың жоқ екенін көрсетеді. Мерзімдерді бұзу немесе оларды негізсіз ауыстырудың әрбір фактісі бойынша Энергетика министрлігі қатаң шаралар қабылдауы қажет», – деді ол.
Бұдан бөлек премьер-министр Риддер, Кентау, Екібастұз және Ақтау қалаларының энергия көздерін ерекше бақылауға алуды, энергия көздері мен желілердің жұмысын үнемі тексеріп отыруды, жылыту маусымын ауа-райына қарай қатаң белгіленген мерзімде бастап кетуді тапсырды. Сондай-ақ халықтың көмірмен қамтамасыз етілуін бақылауда ұстауды бұйырды.
Көктемде айтылған ескерту
Еске сала кетсек, мамыр айында Олжас Бектенов әкімдерге жазғы үш айда қарқынды жұмыс жүргізуді тапсырып, «арқаны кеңге салатын уақыт жоқ» екенін ескертіп, тапсырма орындамағандарға қатай талап қойылатынын айтқан болатын.
«Жөндеу мерзімдерін ауыстыруға немесе жұмыс көлемін азайтуға жол берілмейді. Әрбір факт бойынша меншік иелеріне, сол сияқты басқарушы компанияларға қатысты шаралар қабылданатын болады», – деп талап қойған болатын.