
Бішкекте «Аграрлық сервис» кәсіпорындарының және KAZBRAND қазақстандық азық-түлік компаниясының басшысы Алмаз Зарипов ұсталды. Бұл туралы Қырғызстанның құзырлы органдарына сілтеме жасай отырып Kaktus.media басылымы хабарлады.
Басылым мәліметінше, 2025 жылдың наурыз айында Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетіне екі азамат арыз түсірген. Кәсіпкерлер өздерінің 1974 жылы туған Алмаз Зарипов атты Қазақстан азаматына сеніп, қомақты көлемде қаражат бергенін мәлімдеген. Күдікті алаяқтық жолмен қырғызстандықтардан 2,5 млн доллар қаражат алған. Бұл ақшаға Қазақстанна астық өнімдерін жеткізуге уәде берген.
Алайда ақшаны қолға түсірген соң, қазақстандық кәсіпкер олармен байланысын үзіп, жасырынған.
Қырғызстанның құзырлы органдары іздестіру жұмыстарының нәтижесінде Зариповты ұстап, қамауға алған. Қазақстан азаматының үстінен «Қомақты көлемде алаяқтық жасау» фактісі бойынша іс қозғалған.
Бішкек қалалық сотының басылымға берген ақпаратында кәсіпкердің 23 тамызда ұсталғаны хабарланған. Онда Зариповтың 2025 жылдың 20 қыркүйегіне дейін, яғни тергеу жүргенше қамауда болатыны айтылған.
Айта кетсек, Зарипов Қырғызстанда істі болған бірінші кәсіпкер емес. Бұған дейін Қырғызстанның арнайы қызметі қазақ кәсіпкері Ерқанат Жұмабековке іздеу жариялаған болатын. Ол кезде кәсіпкердің Қамшы Көлбаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобын қаржыландыру ісіне қатысы бар екені айтылды.