
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БҚДА) Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайымен бірге елдің бірқатар әуе бекеттерін тергеп-тексереді. Агенттік 11 әуежайдың шетел ұшақтары үшін авиакеросинді қымбат бағада сатқанын анықтаған.
«Авиакеросинге монополиялық жоғары баға белгілеу бойынша 11 әуежайға қатысты тергеп-тексеру басталды», – делінген агенттік хабарламасында.
Атап айтқанда, БҚДА мына әуежайларға қатысты тергеп-тексеру амалдарын бастаған:
- «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ;
- «Қорқыт Ата әуежайы» АҚ;
- «Сары-Арқа әуежайы» АҚ;
- «Шымкент әуежайы» АҚ;
- «Әулие-Ата халықаралық әуежайы» АҚ;
- «Қостанай халықаралық әуежайы» АҚ;
- «Өскемен халықаралық әуежайы» АҚ;
- «Түркістан халықаралық әуежайы» АҚ;
- «Орал халықаралық әуежайы» АҚ;
- «Семей халықаралық әуежайы» ЖШС;
- «Жезқазған-Эйр» әуе компаниясы» АҚ.
Бұдан бөлек БҚДА бұл отын түрін қайталама көтерме өткізу нарығындағы жеткізушілерді де тексереді.
Түсіндіре кетсек, негізінен отандық әуе компаниялар авиаотынды жер қойнауын пайдаланушылардан мемлекеттік жеткізу кестесі бойынша тікелей алады. Ал шетелдік әуе тасымалдаушылар әуежайлар ұсынған көтерме және бөлшек жеткізушілерден сатып алады.
Агенттік мәліметінше, әуежайлар мен онымен аффилиирленген ұйымдар халықаралық жолаушы және жүк әуе тасымалдаушыларға авиакеросинді бөлшек саудада сатқан жағдайда, отын құны 60%-ға дейін өседі. Бірақ авиаотыннан түскен табыс әуежай қызметіне жұмсалып отырады. Әуежайлар өз қызметінің 80%-отын сату есебінен жабатыны айтылған.
Алайда агенттік Қазақстан әуежайларында авиаотын құны көршілес елдерге қарағанда 5–30% қымбатқа түсетінін анықтаған. Салдарынан соңғы бес жылда жүк әуе тасымалдарының 36%-ға, халықаралық қатынастардың 58%-ға төмендеуіне себеп болған.
Осы себепті агенттік авиотын бағасын тексеруге ден қойған.