
Instagram әлеуметтік желісінде онлайн сауда бойынша курс сатқан бизнес-коуч 5 жылға сотталды. Бұл туралы Астана қалалық прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
Прокуратура мәліметінше, сотталған қылмыскер, көпшілікке өзін онлайн-сауда және сатып алу саласындағы бизнес-тренер ретінде таныстырған. Солайша астаналықтарды әлеуметтік желі арқылы өзінің курстарын сатып алуға шақырған. Ал оқу аяқталған соң, көтерме бағамен тауар алып беруге уәде етіп, тәлімгерлерінен қаражат жинаған.
Коуч астаналықтарды тұрмыстық техниканы арзан бағада алып, үстінен 10% көлемінде табыс табатынына сендірген. Бірақ бұл уәдесін орындамай, клиенттермен байланысын үзген.
Прокурорлар қылмыскердің алаяқтық жолмен 50 млн теңгеден астам сомаға залал келтіргенін дәлелдеген.
«Сот үкімімен кінәліге 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», – делінген баспасөз хабарламасында.
Бұл орайда қала прокуратурасы мұндай алаяқтық үшін мүлкін тәркілей отырып, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылатынын ескертеді. Сондай-ақ азаматтарды алаяқтардың құрығына ілінбес үшін, барынша сақ болуға шақырды.
Айта кетейік, Ресейде дұрыс армандауды үйреткен блогер Елена Блиновская да 5 жылға сотталған болатын.