2026 жылы инфляция 10%-дан аспайды – Ұлттық экономика министрі

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
ел бюджеті
2026 жылы инфляция 10%-ды құрайды / shutterstock, бильд-редактор: Милош Муратовский

2026 жылы инфляция 10%-дан артық көтерілмейді. Бұл туралы үкіметте өткен 2026-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын талқылау кезінде Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.

Инфляция болжамы 2026 жылы шамамен 10%-ды құрайды. Министр инфляцияның осы межеден аспайтынына сенімді. Ал 2027 және 2028 жылдары инфляция өсуін тоқтатып, төмендейді деп күтілуде. Бұл уақытта оның көлемі 6% деңгейіне түседі деп болжанады.

Сонымен бірге Жұманғарин 2026–2035 жылдарға арналған ұзақ мерзімді даму болжамымен де бөлісті. Айтуынша, бұл құжат Бюджет кодексін іске асыру үшін әзірленген.

«Болжам Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының қаржылық қамтамасыз етілу көлемін айқындайды. Құжатта ұзақ мерзімді дамудың үш нұсқасы қаралған: базалық, қалыпты және балама. Балама нұсқадағы экономиканың 10 жылдағы орташа өсу – 5,1%, қалыптыда – 4,3% деңгейінде болжанады. Базалық нұсқада 10 жылдағы ішінде ЖІӨ-нің орташа жылдық өсу 4,5%-ды құрайды. Номиналды ЖІӨ 2035 жылы 473,2 трлн теңгеге дейін ұлғаяды», – деді министр.

Министр ұзақ мерзімді болжамға сәйкес, Ұлттық қордағы қаражаттың қаншалықты артатынын да айтты. 2026 жылы Ұлттық қордың таза валюталық активтері 60,8 млрд доллардан 2035 жылы 109,9 млрд долларға дейін өседі деп болжанып отыр.

Айта кетсек, үкімет отырысында Жұманғарин ел экономикасы 2026 жылы 5,4%-ға өсетінін айтқан болатын. Министр болжамына сәйкес, 2026 жылы ЖІӨ 183,8 трлн теңгеден 2028 жылы 229,8 трлн теңгеге дейін артады.

Сондай-ақ оқыңыз