Жұманғарин алдағы 3 жылда ЖІӨ қаншалықты өсетінін айтты

2026-2028 жылдар аралығында Қазақстан ЖІӨ-сі 183,8 трлн теңгеден 2028 жылы 229,8 трлн теңгеге дейін өседі. Бұл туралы үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.
«Базалық нұсқаға сәйкес 2026 жылы ЖІӨ-нің нақты өсуі болжам бойынша 5,4 %, 3 жылдағы орташа жылдық өсім – 5,3 %-ды құрайды. Номиналды ЖІӨ 2026 жылы 183,8 трлн теңгеден 2028 жылы 229,8 трлн теңгеге дейін өседі», – деді Жұманғарин.
Экономиканың өсуіне нақты секторда және қызмет көрсету саласындағы өсім әсер етеді.
Министрдің айтуынша, өңдеуші өнеркәсіпте инвестициялық жобалар артып, ондағы өсім 2026 жылы 6,2 %-ды құраса, 2028 жылы 6,6 %-ға дейін артады деп күтіледі.
Тау-кен өнеркәсібінде үш жылдағы орташа өсім 2,8%-ды құрауы мүмкін. Ал ауыл шаруашылығында өсім – 3,9%-ды, құрылыста – 11,0%-ды, көлік қызметтері бойынша өсім көлемі – 10,1%-ды, саудада – 6,7%-ды құрайды деп болжанады.
«Оң сауда балансы сақталады. Экспорт болжам бойынша 2026 жылы 77,1 млрд АҚШ долларынан 2028 жылы 83,7 млрд АҚШ долларына дейін, импорт – 67,7-ден 75,2 млрд АҚШ долларына дейін өседі», – деді.