Жаңалықтар

Талдықорғанда тұрғын үй құрылысын жүргізген компания бюджет қаражатын жымқырған

Талдықорғанда
Талдықорғанда көп пәтерлі тұрғын үй салған компания 152 млн теңге бюджет қаражатын жымқырған / Фото: kursiv.media архив

Талдықорғанда көп пәтерлі тұрғын үй салуға мемлекеттен тапсырыс алған құрылыс компаниясы бюджет қаражатын жымқырған. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Агенттіктің хабарлауынша, 2021 жылы мердігер ұйым тапсырыс берушімен жалпы сомасы 1,7 млрд теңге екі көпқабатты тұрғын үй салу туралы келісімшартқа қол қойған.

Бірақ арада жылға жуық уақыт өткеніне қарамастан компания келісімшартта көрсетілген жұмыстарды толық орындамаған. Бірақ жұмыс актілерінде жұмыстардың орындалғаны жөнінде жалған ақпарат беріліп келген. Мысалы, құжатта көрсетілген 9 қабаттың тек 7 қабаты ғана тұрғызылған. Сонымен бірге жылыту және сумен жабдықтау, электр желілерін жүргізу жұмыстары орындалмаған. Жоспарда көрсетілген сыртқы әрлеу жұмыстары да жүргізілмеген.

Компания осылайша нысанды пайдалануға беру уақытын бұзып, мемлекетке 152 млн теңге шығын келтірген.

«Сот санкциясымен құрылысшы компанияның мүлкіне тыйым салынды. Іс бойынша күдікті ретінде мердігер ұйымның директоры және құрылысқа техникалық қадағалау жасаған компания қызметкерлері танылды», – деп хабарлайды агенттік.