
Руслан Берденов қызметінен кеткен жоқ, жарақатынан емделіп, ауруханада жатыр. Десе де, Шымкент әкімінің орынбасары қызметін сақтап қалған.
«Курсив» басылымының ресми сауалына қала әкімдігінің баспасөз қызметі осылай жауап берді.
Ресми ақпаратқа қарағанда, Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденов әзірге өз қызметінде қалып отыр. Қазір ауруханада ем қабылдап жатыр.
«Руслан мырза орнында. Қазір денсаулығына байланысты демалыста», — деп мәлімдеді әкімдік.
Айта кетейік, мұның алдында кейбір БАҚ-тар Берденовтің қызметінен кеткені туралы ақпарат таратқан болатын.
Берденов ауруханада жатқан кезде Шымкент әкімдігінде екі жаңа әкім орынбасары тағайындалды.
2025 жылдың сәуірінде әкімдік маңында Берденовке оқ атылған болатын. «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-нің бұрынғы директоры Ернар Жиембай 9 жылға бас бостандығынан айырылды.