Жаңалықтар

Алматылықтар 40 қабатты Rams Beyond құрылысына қарсы

Фото: rams-global.com

Алматылықтар 40 қабатты Rams Beyond ғимаратының бой көтеруіне қарсы. Тұрғындар тұрғын үй кешенінің құрылысын тоқтатуды талап етіп, E-petition.kz  платформасына петиция жариялады.

Алматылықтар көпқабатты мұнараның орнына қоғамдық саябақ салу керек деп есептейді. Әзірге петицияға 50 адам дауыс берген, модерациядан өтіп жатыр.

Петиция авторларының пікірінше, Rams Beyond Almaty жобасының қоғамдық маңызы жоқ, тіпті тұрғындар үшін қауіпті. Алматылықтар

  • жобаға енгізілген 40 қабатты мұнара мен бес 10 қабатты тұрғын үйдің құрылысын тоқтатуды
  • Сейфуллин мен Тимирязев көшелерінің қиылысындағы жер телімін жасыл аймақ санатына қайтарып, парк салуды
  • бүкіл Алматы аумағында 9 қабаттан биік ғимарат салуға тыйым салуды қамтамасыз етуді
  • жобаны басқа аумаққа көшіруді талап етіп отыр. Балама ретінде Абылай даңғылынан төменгі аудандарға, бизнес-орталықтар мен қонақүйлер жетіспейтін жерлерге көшіруді ұсынады.

Бұл жобаны құрылыс компаниясы осы жылы мамырда таныстырған еді. Бірақ  елдегі басты ғылыми-зерттеу институты бұл нысанға қатысты ешқандай архитектуралық шешім әзірлемегенін мәлімдеген.

Құрылыс ережесі бойынша Абай мен Әл-Фараби даңғылдарының арасындағы аймақта ғимараттардың биіктігі 9 қабаттан аспауға тиіс. Ал Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының түсіндіруінше, тоғыз қабаттан жоғары ғимараттарды салуға олардың қоғамдық маңыздылығы дәлелденген жағдайда және белгілі талаптар сақталғанда ғана рұқсат беріледі.