Қазақстанда қанша шетел азаматы жұмыс істейді?

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: shutterstock

Елде жұмыс істейтін шетел азаматтары көбейіп жатыр. Осы жылы 1 сәуірдегі есеп бойынша, Қазақстанда 13 891 шетел азаматы жұмыс істейтін еді. Ал 1 тамыздағы жағдай бойынша, 14 130 шетел азаматы жұмыс істеп жүр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, олардың көпшілігі (4 949) құрылыс саласында еңбек етеді. Одан кейін ауыл, орман және балық шаруашылығында (2 930), тау-кен өнеркәсібінде (1 369), өңдеу өнеркәсібінде (1210) шетелдік жұмысшылардың үлесі көп.

Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер:

  • Қытай – 5 120 адам,
  • Өзбекстан – 2 478 адам,
  • Түркия – 1 042 адам,
  • Үндістан – 1 031 адам.

Шетелдіктерге қанша квота бөлінген?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді. 2025 жылы 14,8 мың шетелдік маманға квота берілген. Бұл елдегі жалпы жұмыс күшінің 0,2%-ын құрайды. Бірақ наурыздан бері жергілікті атқарушы органдарының өтінімі бойынша, бұл квота 16,5 мыңға дейін ұлғайтылды.

Ал тамыздан бастап министр бұйрығымен шетелдік жұмысшыларға бөлінетін квота 19,4 мыңға дейін тағы да көбейді.

Қазір ел бойынша 1 899 мекеме шетелдік жұмысшылардың жұмыс күшін пайдаланады. Олардың барлығында 348 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96%-ын құрайды.

Сондай-ақ оқыңыз