Банк пен қаржы

Ұлттық Банк: Валюталық операция арқылы нарықтағы 3 трлн теңге өтімділік алынады

Фото: shutterstock

Ұлттық банк алтын сатып алу кезіндегі валюталық операциялар арқылы нарықтағы артық 1,7 трлн теңге «жұтып алды». Жыл соңына дейін операциялар көлемін 3 трлн теңгеге жеткізуді деген жоспар бар. Үкімет отырысында Ұлттық Банк Тимур Сүлейменов осылай баяндады.

Осы жылдың шілдесіндегі есеп бойынша, Қазақстан алтын сатып алу жағынан көш бастап тұр. Елдегі алтынды ең белсенді сатып алушы – Ұлттық Банк. Өткен айда алтын қорын 7,4 тоннаға арттырған.

Еске салайық, осы жылы қаңтардың ортасынан бастап Ұлттық банк өндірушілерден алтын сатып алып, айналымдағы теңге көлемін азайтуға бағытталған «айна механизмін» бастаған еді. Бұл инфляциямен күрес үшін арнайы жасалып отыр. Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанның алтын қорының көлемі 52,8 млрд долларды құрайды.

Ең төменгі резервтік талап көтерілді

Тимур Сүлейменовтың есебінше, ең төменгі резервтік талапты көбейту арқылы да айналымнан 3 трлн теңгені шығарған.

«Ең төменгі резервтік талаптар да көтеріліп жатыр. Ол шамамен 3 трлн теңгені айналымнан шығарып, ақша-кредит саясаты құралдары бойынша шығынды азайтуға, ақша базасын қысқартуға және дезинфляциялық әсерді күшейтуге мүмкіндік береді», – деді ол есебінде.

11 тамызда Ұлттық Банк екінші деңгейлі банктердегі ең төмен резервтік талаптарға (ЕТРТ) қатысты жаңа өзгеріс енгізді. Енді теңгедегі міндеттемелер бойынша ЕТРТ – 3,5% және 5%, валюталық міндеттемелер бойынша – 10% және 15% деп белгіленді. Бұл шара «қаржы нарғының мүддесі және инфляцияны тезірек тұрақтандыру үшін» қажет деп түсіндірген еді Ұлттық Банк басшысы.