Жаңалықтар

«Әйелімен дауласқан»: өзін-өзі өртеген жігіт туралы тың мәлімет тарады

Қайғылы оқиғадан бір секунд бұрын / видеодан алынған скриншот
Қайғылы оқиғадан бір секунд бұрын / видеодан алынған скриншот

«НұрАй & Ко» туристік компаниясы Алматы әуежайында 25 тамызда түнде өзін-өзі өртеген жас жігіт туралы тың мәлімет таратты. Оқиға турфирманың терминалдағы кеңсесінің ішінде болған.

Турфирма не дейді

Туристік компания таратқан мәліметке қарағанда, үстіне бензин құйып, өзін-өзі өртеген жігіт «азаматтық некедегі әйелімен дауласқан».

«НұрАй & Ко» компаниясы атынан ресми түрде жариялаймыз: біздің агенттің әуежайда өзін-өзі өртеу оқиғасына ешқандай қатысы жоқ. Екеуі жанжалдаспаған. Ер азамат азаматтық некедегі әйелімен дауласқан«, – деп хабарлайды турфирма.

Бұған қоса, мәлімдемеде ол жігіттің компания клиенті емес екендігі де айтылған.

«Өзін-өзі өртеген жігіт «»НұрАй & Ко» компаниясының әуежайдағы кеңсесіне кездейсоқ, түсініксіз бір жайттармен кіріп, телефон сұраған. Ештеңеге сезіктенбеген біздің агент оған телефонын берген. Ол кеңсеге бензин құйылған бөтелке алып кірген – осы жерге алдын ала дайындалып келген. Бұдан қалды, оны полиция қызметкерлері іздеп келе жатқан», – делінген турфирманың мәлімдемесінде.

Оқиға қалай өрбіді

Сонымен бірге, компания өкілі әуежайдағы кеңсеге орнатылған камера түсірген видеоны жариялады. Әлеуметтік желіге жүктелген видео 25 тамызда түнгі сағат 22:50-ден бастап түсірілген. Бастапқы кадрлардан әлгі жігіттің турфирма кеңсесінде телефон шұқылап тұрғанын, оған қарсы бетте компанияда істейтін қыз отырғанын көруге болады.

Бірнеше секундтан кейін сол маңға полиция қызметкерлері келген. Формадағы бірнеше адам кеңсеге кірмей, сырттай бақылап тұрады. Шамамен бір минуттан соң жігіт пластик құтыны алып шығып, оның ішіндегі бензинді үстіне құйды.

Шамамен екі минут өткенде компания қызметкері кеңседен шықты. Әлгі жігіт оған бөгет жасаған жоқ. Содан кейін есіктің арғы жағындағы полиция қызметкерлері мен жігіт шамамен 4-5 минут сөйлесті.

Сағат 22:56:35-де полицейлердің бірі табалдырықты аттаған сәтте, әлгі жігіт қолындағы шақпақты жақты. Өрт тез тұтанып, отқа оранған жігіт кеңседен сыртқа қарай жүгірді. Жігіт қана емес, шағын ғана кеңседе ол тұрған жер де өртенді. Кеңсені қара түтін басты.

Видео дыбыссыз болғандықтан, турфирма кеңсесі ішіндегі адамдардың не туралы әңгімелескенін білу мүмкін емес.

«Болған оқиға бойынша құзырлы органдар жұмыс істеп жүр. Қауіпсіздік шараларының бәрі сақталды. Біздің агент бензин иісін сезген бетте кеңседен шықты. Жігіт қызды бөгеген жоқ», – деп хабарлайды турфирма.

«НұрАй & Ко” компаниясы осы оқиға бойынша ресми мәлімет беруге әзір екенін ескертті.

Естеріңізге сала кетейік, 25 тамызда түнде Алматы халықаралық әуежайының ішкі рейстер терминалында бір ер азамат өзін-өзі өртеді. Жігітке сол жерде алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, оны қалалық ауруханаға жеткізді.

Полиция қылмыстық іс қозғалғанын, тергеу жүріп жатқанын хабарлады. Алматы әуежайы бұл оқиғаның мекеме қызметіне байланысы жоғын мәлімдеді.