
Вьетнамда «Кадзики» тайфуны салдарынан кем дегенде үш адам қаза тауып, он адам жараланды. Сейсенбі күні жергілікті билік осындай мәлімет таратты. Бұл туралы Kursiv.Media Reuters ақпаратына сүйене отырып хабарлайды.
Вьетнам билігі толассыз нөсер жаңбыр салдарынан су тасып, лай көшкіні болуы мүмкін екенін ескертті. Үкімет мәліметінше, тайфуннан 7 мыңға жуық үй бүлінді. 29 мың га күріш алқабын су басты. 18 мың ағаш құлады.
Бұған қоса, елде 331 электр бағанасы зақымданған. Соның салдарынан елдің Тханьхоа, Нгеан, Хатинь, Тхайнгуен және Футо профинциялары жарықсыз қалды.

Нөсер жаңбырдан сейсенбі күні таңертең Ханой қаласының көшелерін су басты.
Ұлттық метеорология агенттігінің мәліметінше, дүйсенбіде күндіз Вьетнамның орталық бөлігінің солтүстік жағалауын ұрған тайфун бүгін таңертең Лаос аумағына қарай ойысты. Дегенмен Вьетнамда нөсер толастамай тұр. Кей ауданда алты сағатта 150 миллиметрге дейін жаңбыр жауып, су тасуы мүмкін.
Осының алдында «Кадзики» тайфуны Қытайдың Хайнань қаласының оңтүстік жағалауын жайпап өткен. Аралдағы Санья қаласында кәсіпорындардың бәрі жабылып, қоғамдық көлік қозғалысы тоқтаған.
«Кадзики» кейінгі жылдардағы ең қуатты тайфундардың біріне жатады. 2024 жылғы күзде Вьетнам «Яги» дауылынан қатты зардап шеккен. Сол кезде осы тайфун 24 адамның өмірін жалмаған.