
25 тамызда түнде Алматы әуежайында өзін-өзі өртеген жас жігіттің әрекетін психолог «назар аударту мақсатында жасалған болуы мүмкін» деп болжайды. Бұл туралы Kursiv.Media хабарлайды.
Психоанализ бағытындағы психолог Жанат Қалиев әуежай кеңсесіне орнатылған камера түсірген видеомен танысып шықты. Маман пікірінше, өзін-өзі өртеу әрекетіне барған адамға психиатр көмегі аса қажет.
«Ең әуелі эмоционалды тұрақсыздық көзге ілігеді. Екіншіден – әлгі жігіт мас сияқты. Тексеру барысында анықтала жатар. Үшіншіден – бұл жігітке психиатрдың көмегі қажет. Өйткені өзіне қол салған адамның психикасы орнында емес», – дейді ол.
Оның айтуынша, ер азаматтың психикалық жағдайының нақты қандай екенін түсіну үшін осының алдында не болғанын анықтап біліп алған жөн.
«Құрбысымен келіспей қалған деп жатыр. Бір күндік іс емес сияқты. Ұрыс-керіс бірнеше күнге созылуы мүмкін. Әуежайға келу себебі де түсініксіз. Хабарласқан уақытта құрбысы телефонды көтермеген сияқты. Соған байланысты басқа біреудің телефонымен қоңырау шалуға тура келген», – деп есептейді маман.
Осының алдында «НұрАй & Ко» компаниясы әуежайдағы оқиға туралы мәлімдеме таратып, ер азамат «азаматтық некедегі әйелімен дауласқанын» жариялаған. Өйткені ол жігіт осы турфирманың кеңсесіне кіріп, қызметкерден телефон сұраған. Полиция да «ер адамның осындай әрекетке баруына оның азаматтық некедегі әйелімен арадағы жеке жанжал себеп болған» деп хабарлаған.
«Елдің көзінше осындай әрекетке барғанына қарағанда, бұл жігітте назар аудартуға бейім психоз болғанға ұқсайды», – деп есептейді психолог.
Маман полиция қызметкерлерінің дағдарыс сәтіндегі әрекетіне де қысқаша баға беріп өтті. Әуежайдағы жігіт полиция қызметкері кеңсе табалдырығын аттаған сәтте шақпақты жаққан.
«Полиция дұрыс, не бұрыс істейді деп айту қиын. Олар осындай жағдайда қалай жұмыс істеу керектігіне қатысты нұсқаулықпен әрекет етеді. Бірақ от қояды деп күтпеген де шығар. Тілге келеді деп ойласа керек. Осындай жағдайда дағдарыстан шығаратын психолог маман қажет.
Бұл жерде құрбысымен тіл табыса алмаған жігітке бәрі кінәлі болып тұрғанға ұқсайды. Дәл сол сәтте ол жігітке шоуды тамашалайтын көрермен қажет сияқты», – деп түйіндейді психолог.
Естеріңізге сала кетейік, 25 тамызда түнде Алматы халықаралық әуежайының ішкі рейстер терминалында бір ер азамат өзін-өзі өртеді. Жігітке сол жерде алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, оны қалалық ауруханаға жеткізді.
Полиция қылмыстық іс қозғалғанын, тергеу жүріп жатқанын хабарлады. Алматы әуежайы бұл оқиғаның мекеме қызметіне байланысы жоғын мәлімдеді.