
30 тамызда Қазақстанда ең маңызды мемлекеттік мерекелердің бірі — Конституция күні тойланады. Биыл мереке сенбіге сәйкес келіп тұр. Сондықтан демалыс күні дүйсенбіге ауысады. Мемлекеттің тұрақтылығына құқықтық негіз беретін басты құжат Ата Заң екені белгілі. Олай болса, Kursiv Media осынау маңызды құжаттың қалай жазылғаны, қалай өзгергені туралы шолу ұсынады.
2025 жылы Конституция күнінде қазақстандықтар қалай демалады?
Айтқандай, биыл мереке сенбі күніне тұспа-тұс келіп тұр. Соған байланысты 30 тамыз күнгі демалыс сенбіден дүйсенбі, 1 қыркүйекке ауыстырылады. Яғни қыркүйектің бірінші жұмыс күні қазақстандықтар демалады.
- Бес күндік жұмыстағылар қатарынан үш күн демалады: 30, 31 тамыз және 1 қыркүйек демалыс;
- Алты күндік жұмыстағылар екі күн демалады: 30 және 31 тамыз демалыс.
Жаңа Конституция қалай жазылды?
Қазақстан 1991 жылы егемендігін алғаннан кейін өзінің құқықтық жүйесін жасауы керек болды. Тәуелсіз мемлекеттің алғашқы Ата Заңы 1993 жылы 28 қаңтарда бекітілген еді. Ол жерде елдің парламенттік республика екені жазылған. Дегенмен іс жүзінде билік тармақтары арасында келіспеушіліктер болып, орындаушы билік әлсіз болған. Оған қоса бірінші нұсқада жекеменшік қорғанысына кепілдік болатындай нақты шекаралар шегенделмеген еді. Ал ол — экономикалық реформа жасауға әжептәуір кедергі. Ұжымдық меншік қағидасының салдарынан заң тұрғысынан қарама-қайшылықтар туып, нарық экономикасына ауысуға заңды негіз аз болған. Ол аздай, құжатта референдум өткізіп, сол арқылы өзгерістер жасауға мүмкіндік бар екені жазылмаған болды. Міне, осындай кемшіліктерді ескере отырып, жаңа әрі негізгі құжатты қайта жазу керек болады. Осылайша 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум өтіп, халық тарапынан оң баға алады. Жаңа заңды жазған авторлар өзге елдердің мысалдарын жан-жақты талдап, үлгі қылуға болатындарын негізге алған. Мысалы Францияның президенттік моделін, Германияның құқық және еркіндік жүйесін, АҚШ-тың меншік құқығын қорғауға қатысты тәжірибесін алып қараған. Соның нәтижесінде Қазақстанға арнап бейімдеп жазып шығады.
Басты қағидаларға шолу
Қазақстан Республиуасының Конституциясында мемлекеттің демократиялық, құқықтық, зайырлы және әлеуметтік ел екені шегелеп жазылған. Яғни құжатты «біздің басты құндылығымыз — адам, оның өмірі мен құқықтары» деп көрсетілген.
Құжатқа сәйкес, билік тармақтары былай бөлінеді:
- Заң шығарушы билік — Парламент заңдарды қабылдайды;
- Атқарушы билік — қабылданған заңдарды Үкімет жүзеге асырады;
- Сот билігі — азаматтардың құқығын қорғайтын тәуелсіз соттар.
Негізгі заң сөз бостандығына, ар-ождан және дін еркіндігіне, еңбек етуге, демалуға және мемлекеттік басқаруға қатысуға құқық береді.
1993 жылғы құжатпен салыстырғанда не өзгерді?
- Президенттік басқару нысаны енгізіліп, билік вертикалі күшейтілді. Президент – Конституцияның кепілі болып бекітілді.
- Бір палаталы Жоғарғы Кеңестің орнына екі палаталы Парламент (Мәжіліс пен Сенат) құрылды.
- Мемлекеттік және жекеменшік – тек екі меншік нысаны бекітіліп, екеуіне де бірдей құқықтық қорғау қамтамасыз етілді.
- Азаматтарға жер иелену құқығы алғаш рет берілді (шетел азаматтарына бергенде шектеулер бар).
- Жеке меншік тек мемлекеттің қажеті үшін және өтемақымен ғана алынуы мүмкін деп белгіленді.
- Жергілікті халық депутаттары кеңестері таратылып, әкімдер президент тарапынан тағайындалатын болды.
Конституцияға енгізілген өзгерістер: хронология бойынша
- 1998 жылы — президент мерзімі 5 жылдан 7 жылға ұзартылды. Президент болуға үміткерлердің жасына қойылатын шектеу алып тасталып, парламент сайлауларына пропорциялық жүйе енгізілді.
- 2007 жылы — президентті сайлау мерзімі қайтадан 5 жыл болып қысқарды. Парламенттің өкілеті молайды, депутаттар саны көбейді.
- 2011 жылы — Тұңғыш президентке ерекше статус — Елбасы деген мәртебе бекітілді.
- 2017 жылы — президент, парламент, үкімет арасындағы өкілеттер қайта қаралды. Соттардың тәуелсіздігі күшейтілді.
- 2019 жылы — Қазақстанның бас қаласының аты Астанадан Нұр-Сұлтан болып өзгерді.
- 2022 жылы — президенттік-парламенттік басқару үлгісіне көшірілді, президенттің өкілетіне шектеу қойылды, өкілеттік кезеңінде президент партияға мүше бола алмайтын болды, Елбасы мәртебесі алып тасталды, Конституциялық сот қалпына келтірілді, адам құқықтарын қорғау күшейтілді. Бас қала Нұр-Сұлтаннан қайтадан Астана болып өзгерді.
Конституция: сандар сөйлесін
- 1995 жылы 30 тамыз — қазіргі Конституция қабылданған күн
- 9 бөлім, 98 бап — құжаттың құрылымы.
- 5 рет ірі өзгерістер енгізілді: 1998, 2007, 2011, 2017, 2022 жылдары.
- 3 миллион адам: құжатты бекітпес бұрын жоба талқысына осынша адам қатысқан.
- 2 тіл: Конституция екі тілде —қазақша және орысша жазылған. Қазақша нұсқасында 8904 сөз болса, орысшасында — 7 168.
Конституция тоғыз бөлімнен тұрады:
I бөлім. Жалпы ережелер.
II бөлім. Адам және азамат.
III бөлім. Президент.
IV бөлім. Парламент.
V бөлім. Үкімет.
VI бөлім. Конституциялық сот.
VII бөлім. Соттар және әділет. Прокуратура. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл.
VIII бөлім. Жергілікті басқару және өзін-өзі басқару.
IX бөлім. Қорытынды және өтпелі ережелер.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін тамыз айында қазақстандық қанша күн демалатыны туралы жазғанбыз.