
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) Алматыдағы филиалы ең қымбат тұратын балалар операцияларының құнын жариялады.
Алматыда жыл сайын балаларға жоғары технологиялар қолданылатын жүздеген қымбат операция жасалады. Кейбір балаларға жүйке жүйесін басқаруға көмектесетін аппараттар орнатылады, бауыры ауыстырылады, тіпті сүйек кемігін «қайта іске қосатын» күрделі оталар жасалады. Мұндай медициналық көмектің құны 1 миллионнан 20 миллион теңгеге дейін жетеді. Дегенмен ата-аналар үшін бұл қызметтердің барлығы тегін, шығын толықтай МӘМС есебінен өтеледі.
Алматы ӘМСҚ филиалының мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы алты айында қала емханаларында МӘМС шеңберінде 500-ге жуық осындай операциялар жасалған.
Ең қымбат медициналық қызметтер
- Аллогендік гемопоэтикалық дің жасушаларын трансплантациялау. Құны – 17–20 млн теңге. Бұл әдіс қан мен сүйек кемігінің ауыр ауруларын емдеуде қолданылады. 2025 жылдың алғашқы жартысында Алматыда мұндай 18 операция жасалған.
- Фармакорезистентті эпилепсия кезінде кезбе нервті стимуляциялау. Құны – 9,9 млн теңге. Бұл әдіс балалардың ұстамасыз өмір сүруіне мүмкіндік береді. Алматыда 5 операция жасалған.
- Кохлеарлы есту аппаратын имплантациялау. Құны – 7,8 млн теңге. Ауыр есту кемістігі бар балаларға есту қабілетін қайтарады. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 94 балаға операция жасалған.
- Аутологиялық дің жасушаларын трансплантациялау. Құны – 5,3 млн теңге. Химиотерапиядан кейін сүйек кемігін қалпына келтіреді.
- Нейромониторингпен жұлынға микрохирургиялық араласулар. Құны – 4,7 млн теңге.
- Бас пен мойындағы тамыр ісіктеріне рентгенэндоваскулярлық эмболизация жасау. Құны – 4,1 млн теңге.
- Митралды қақпақшаға ашық вальвулопластика жасау. Құны – 4,1 млн теңге.
- Магистральды тамырлардың транспозициясын толық қалпына келтіру. Құны – 3,1 млн теңге. Бұл операция арқылы 5 нәрестенің өмірі сақталған.
- Пластиналармен краниофациалды реконструктивті операциялар. Құны – 3,1 млн теңге. Ең жас пациенттің жасы небәрі 2 ай.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мұндай операциялар балаларға заманауи, жоғары технологиялы ем алуына мүмкіндік беретінін, ал ата-аналар үшін бұл үлкен қаржылық жеңілдік екенін атап өтті.