
Оқу-ағарту министрлігі мұғалімдердің құқықтарын бұзғандарға қандай жаза қолданылатынын және қанша айыппұл салынатынын айтты.
Оқу-ағарту министрлігінің заң басқармасының директоры Гүлден Ақытаева атап өткендей, Қазақстан педагогтеріне заңсыз талаптар мен әрекеттерден қорғалуына кепілдік беріледі. Оның айтуынша, келесідей жағдайларға жол берілмейді:
- мұғалімдерді кәсіби міндеттеріне қатысы жоқ жұмыстарға тарту;
- білім беру саласындағы заңнамада көзделмеген есептер мен ақпараттарды талап ету;
- заң негізінде жүргізілмеген тексерулер жүргізу;
- тауарлар мен қызметтерді сатып алу міндетін жүктеу.
«Сондай-ақ мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының педагогтерін мемлекеттік емес ұйымдар өткізетін іс-шараларға қатысуға тартуға тыйым салынады. Заңнамада ескерту жасаудан бастап ірі айыппұлдарға дейінгі түрлі санкциялар көзделген. Айыппұл мөлшері 200 АЕК-ке дейін жетеді (786 400 теңге)», – деді ол.
Оқу-ағарту министрлігі педагогтің ар-намысына тию, қысым көрсету әрекеттерін ата-аналар мен оқушылар тарапынан да заң бұзушылық болып есептелетінін атап өтті.
«»Педагог мәртебесі туралы» заң мұғалімдердің қадір-қасиетін құрметтеуге кепілдік береді және бұл нормаларды бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырады. Мұғалімді қорлағаны, әдепсіз әрекет жасағаны, оның ішінде әлеуметтік желіде тіл тигізгені үшін 40 АЕК-ке дейін (157 200 теңге) айыппұл немесе 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған», – деді спикер.
Министрліктің мәліметінше, педагогке жала жапқан жағдайда жауапкершілік қылмыстық деңгейге дейін күшейтіледі.
Құқықбұзушылықтар саны үш есе қысқарды
Дегенмен Ғани Бейсембаев соңғы жылдары жағдай едәуір жақсарғанын айтады. 2020 жылмен салыстырғанда заңбұзушылықтар саны үш есе азайған. Алайда бұл мәселе кейбір өңірлерде әлі де сақталып отыр. Мұғалімдерді өз міндетінен тыс жұмыстарға тарту, олардың ар-намысына тию, билет сатып алуға немесе түрлі іс-шараларға қатысуға мәжбүрлеу сынды жағдайлар жиі кездесетінін айтты.