
Алматыдағы Сайран су қоймасының қарсы бетіндегі мекемеде жаппай төбелес болғаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады.
Куәгерлердің айтуынша, төбелеске қатысқандардың бірі калашников автоматын, ал екіншісі пышақ ұстаған.
Алматы қалалық полиция департаменті орын алған жағдайға қатысты пікір білдірді. Ведомство жастар арасында жанжалдың алдын алғанын хабарлады. Алдын ала деректер бойынша қақтығыс жеке келіспеушіліктен туындаған.
«Жедел алынған ақпараттың арқасында дер кезінде шара қолданылып, жанжалға жол берілмеді. Барлық қатысушылар анықталып, ұсталды. Тінту кезінде бір азаматтан сыртқы көрінісі Калашников автоматына ұқсайтын, бірақ айналаға қауіп төндірмейтін макет тәркіленді», – деп хабарлады полиция.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады.
Еске салсақ осыған дейін әлеуметтік желіде Қонаев қаласында болған жанжалдың да видеосы тараған еді. Бейнежазбада көліктерге мінген жас жігіттердің өзара ерегеске дайындалып жатқанын байқауға болады.