Жаңалықтар

Оқу жылы басталғанша кей мектепке экобокс орнатылады

Мектептерге экобокс орнатылып жатыр/фото: shutterstock

Оқу жылы басталғанша кей мектепке қоқысты бөлек жинайтын мың экобокс орнатылады. Бұл туралы экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты.

Министр президенттің 2024 жылғы Қазақстан халқына жолдауында берілген тапсырмалардың қалай орындалғаны жөнінде ақпарат берген.

Сөзінше, қалаларда қайта өңделетін шикізатты қабылдайтын экобокстар мен фандоматтар енгізіліп жатыр. Оған пластик пен алюминий тапсырған азаматтарға бонус беріледі.

«Қазірдің өзінде жекеменшік бизнес иелері Астана, Алматы, Ақтөбе және Өскемен сияқты ірі қалаларда 100-ден астам фандомат орнатты.

Бұдан бөлек тамыздың соңына дейін пилоттық жоба аясында Астана мен Жезқазғанның 129 мектебінде қоқысты бөлек-бөлек жинауға арналған 1000-нан астам экобокс орнатылады», – деді Нысанбаев.

Министр мұның полигондарға жіберілетін қалдық көлемін азайтуға мүмкіндік беретінін айтады.

Айта кетейік, 2021 жылы қабылданған Экология кодексіне сәйкес тағам қалдықтарын полигонға сұрыптамай көмуге тыйым салынған. Бұл туралы заңның 351-бабында көрсетілген. Алайда бұл талап әлі күнге дейін орындалмай келеді. Толығырақ мына жерден оқуға болады.