
Елімізде 2 мың бакалавр бағдарламасының рейтингін жасау жұмыстары басталуы мүмкін. Ғылым және жоғары білім министрлігі бұған 52,8 млн теңге жұмсағалы жатыр. Мемлекеттік сатып алу порталында осындай лот жарияланды.

Орындаушыға қойылған міндеттердің қатарында 2 мың бағдарлама туралы дерек жинау, оны талдау және рейтинг құру бар. Бағалау кезінде жұмыс берушілермен байланыс, оқу базасына жұмсалған қаражат, оқытушылар біліктілігі, ҰБТ орташа балы, түлектерді жұмыспен қамту және басқа да көрсеткіш ескеріледі. Рейтингке педагогика, инженерия, медицина, IT, ауыл шаруашылығы және басқа да көптеген бағыттағы бағдарлама енеді.
Рейтинг тапсырыс берушімен келісілгеннен кейін орындаушының сайтында жарияланады. Қорытынды есеп кесте және диаграмма түрінде қазақ тілінде 2025 жылдың 15 желтоқсанына дейін ұсынылуға тиіс.
Құжатқа сәйкес, жоба бойынша кемінде бір жыл тәжірибесі бар 15 маманнан тұратын команда жұмыс істеуі керек.
Айта кетейік, Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне «ұлттық» мәртебесі берілді.