Алтай қаласында үш күннен бері қоқыс полигонындағы өртті сөндіре алмай жатыр
Жарияланды

ШҚО Алтай қаласының әкімдігі қатты тұрмыстық қалдықтар полигонындағы өртті сөндіруге қосымша техника тартылғанын хабарлады.
Полигондағы өрт 24 тамызда басталған. Полигонының солтүстік бөлігінде ауданы 150 м² болатын 2000 жылдарға дейін жиналған тұрмыстық қалдықтар тұтанған. Өрт ошағы 25 тамызда оқшауланған.
Өрт ошағы 10 метр тереңдікте орналасқандықтан, сумен өшіру нәтиже бермеген. Енді өрт сөндірушілер ошаққа оттегінің жетуін оқшаулау үшін күл қалдықтарымен көміп жатыр.
Өртті сөндіру жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатқаны, кеше, бүгін қосымша техника жұмылдырылғаны хабарланды.
Алтай қаласының әкімдігі жағдай бақылауда екеніне сендіреді.
Бұған дейін, Алматыда Сайран маңында жер үй түгі қалмай өртеніп кеткенін хабарлағанбыз.