Такси қызметінде ширек миллион шақырым жүріп тастаған қытай көлігінің қазіргі жағдайы

Автожурналист Тимур Мұстафаев таксопарк қызметкерлері бір жарым жылдан бері тәулік бойы тынбай теуіп жүрген Geely Emgrand көлігінің жай-күйін көрсетті. Көлік осы уақыт аралығында 250 мың шақырымды еңсеріп үлгерген.
Көлікті тізгіндеп жүрген жүргізушілердің бірі о баста қытай машинасына күмәнмен қарағанын, алайда күн сайын 14 сағатқа дейін рөлінде отырып шаршап көрмегенін, көлік жайлы екенін айтады. Десе де беріліс қорабы аздап көңілінен шықпайтынын жеткізді.
«Пеші, кондиционері өте жақсы істейді екен. Аспасы жұмсақ. Жолсыз жерлерде өзін өте жақсы сезінеді», – дейді ол.
Автоблогер көлікті көтеріп, астыңғы бөлігін көрсетеді. Сөзінше, жүріс бөлігіндегі көптеген бөлшектер зауыттан шыққалы ауыстырылмаған. Құрғақ, жыртылып, май ағып тұрған жоқ. Ал астының сырылған жерлерінде коррозия ошағы көрінбейді.
Тек колодкаларды ауыстырмағандықтан, артқы тежегіш дискісі біраз желінген. Ал дөңгелегі 200 мың шақырымда ауыстырылған.
Алдыңғы колодкалары ауысқан. Қозғалтқышына күрделі жөндеу жасалмаған. Майын әр 10 мың шақырым сайын, кейде ертерек ауыстырып отырған.
«Капот астында бәрі құрғақ. Ағып, тамшылап тұрған жері жоқ. Тек аккумуляторын ауыстырғаны көрініп тұр. Антифриз бен тежегіш сұйықтығын толтыра салу керек екен. Болғаны. Басқа жерінде жасайтын жері жоқ», – дейді автоблогер.
Сыртқы бөлігіне қатысты тек алдыңғы бамперінде бордюрға тиген, сырылған тұстар бар. Күнде әртүрлі адам мінгендіктен, салоны кірлеген. Артқы орындықтың адам салмағымен ойылған тұстар бар. Ал техникалық тұрғыда бәрі қалыпты істеп тұр. Көлікті тізгіндеп жүрген жүргізуші күтіп қараса, машина тағы 250 мың жүріп беретініне сенімді.
Бұған дейін, 1 млн шақырым жүріп өткен 5 автокөлік туралы жазғанбыз.