
«Аграрлық несие корпорациясының» (АНК) басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Искаков өз қызметі барасында мемлекетке үлкен көлемде залал келтіргені үшін 8 жылға сотталды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Өкілеттіктерін теріс пайдаланған
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның қызметіне прокуратура мен Қаржылық мониторинг агенттігі бірлесіп тексеріс жүргізген. Нәтижесінде корпорацияның лауазымды тұлғаларының өз өкілеттіктерін теріс пайдаланып, бюджетке айтырлықтай шығын келтіргенін анықтаған.
Атап айтқанда, АНК құрамына кіретін «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ «Шымкент қаласында екі алма бағын салу» жобасын жүзеге асыруы керек болған. Алайда алма бақтарын салу кезінде қор басшылығы лауазымды өкілеттіктерін теріс пайдаланған. Бұдан кейін прокуратура Қылмыстық кодекстің 361 бабы, 4 бөлігінің, 3 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Дұрыс орындалмаған жобаны қабылдаған
Тергеу барысында АНК Басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Мұрат Искаковтың өнім беруші С.Р.-дың мүддесіне жұмыс істегені белгілі болған. Искаков Шымкент қаласында салынған алма бақтарының құжатта көрсетілген техникалық ерекшеліктер мен өндірістік параметрлерге сәйкес келмейтінін біле тұра, жобаны қабылдап алған. Яғни, құжатта белгіленген жұмыстардың біразы орындалмағанына қарамастан, аяқталған жоба ретінде көрсетілген. Ал шын мәнінде өнім беруші 430,6 млн теңгегнің жұмыстарын орындамаған.
«Нәтижесінде мемлекетке сараптамалар мен мамандардың қорытындысы бойынша 685,8 млн теңгеге материалдық залал келтірілді», – делінген прокуратура хабарламасында.
2025 жылдың 7 тамызы күні Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында үкім шыққан. Олқылықтарға жол берген Мұрат Искаков пен мердігер ұйымның директоры С.Р. -дің мүлкі тәркіленіп, 8 жылға сотталған.