Жоба құны 85 млн доллар: Иорданиялық компания Қазақстанда асыл тұқымды құс өсірмекші

Иорданияның Al Husseini Group корпорациясы 85 млн доллар көлемінде инвестиция құйып, Қазақстанда асыл тұқымды құс өсіруге ниетті. Бұл туралы Ауыл шаруашылық министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазақстан–Иордания бизнес-форумы аясында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Иорданияның Al Husseini Group корпорациясы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды», – делінген министрлік хабарламасында.
Құжатқа сәйкес, Қазақастан мен Иордания агроөнеркәсіптік кешен саласында ынтымақтастық орнатуды жоспарлап отыр. Келісім аясында шетел инвесторы Қазақстан аумағында құс өсіретін репродуктор салмақшы.
Корпорацияның ірі жобаға 85 млн доллар көлемінде инвестиция құятыны айтылған.
Министрлік Al Husseini Group-тың бұл жобалары негізінде елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, озық технологияларды тартуға, сондай-ақ құс шаруашылығын дамытуға мүмкіндік туатынын хабарлайды. Сонымен бірге жоба қосылған құны жоғары өнім дайындап, экспорт көлемін арттыруға да септігін тигізеді.
Еске сала кетсек, Астанаға ресми сапармен Иордания королі II Абдалла бен әл-Хусейн келген.
Ақордада президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иордания королі келіссөз жүргізіп, тараптар бірқатар салалар бойынша ынтымақтастық орнатуға келісті.