Жолаушылардың әуежайда тәркіленген заттары енді сақталмайды

Егер жолаушылар шабаданынан ұшақта тасымалдауға тыйым салынған заттар табылып, тәркіленген болса, олар әуежайда сақталмайды. Көлік министрлігі бұл тәжірибенің тоқтайтынын хабарлады.
«Әуежайлардың авиациялық қауіпсіздік жүйесін халықаралық тәжірибе мен стандарттарға сәйкестендіру мақсатында әуе көлігімен тасымалдауға тыйым салынған заттарды әуежайда сақтау тәжірибесі тоқтатылады. Бұл шешім жолаушыларға қызмет көрсету процесін оңтайландыру үшін қабылданды», – делінген баспасөз хабарламасында.
Жаңа тәртіпке байланысты әуежайда қолайсыздық тумас үшін жолаушыларға әуе көлігімен тасымалдауға тыйым салынған заттардың тізімімен алдын ала танысу ұсынылған.
Тасымалдауға тыйым салынған заттар арасында сыйымдылығы 100 миллилитрден асатын сұйықтықтар мен аэрозольдер, гельдер және өзге де қауіпті заттар бар.
Сонымен бірге қауіпсіздік мақсатында зауыттық қаптамасы жоқ өнімдерді тасымалдауға тыйым салынған. Олар: бал, джем, сүт және үй жағдайында дайындалған басқа да өнім түрлері. Бұл заттардың барлығы тексеріс кезінде тәркіленеді.
«Тәркіленген немесе авиациялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін заттарды жолаушылар шығарып салушы азаматтарға қалдыра алады», – делінген министрлік хабарламасында.