
Қазақстан Иорданиядағы уран кен орнын игермекші. Бұл туралы Қазақстан-Иордания бизнес форумында «Самұрық-Қазына» қорының төрағасы Нұрлан Жақыпов мәлімдеді.
Жақыповтың айтуынша, өтіп жатқан форум аясында Қазақстан мен Иордания бірлескен ынтымақтастық туралы келісімге қол қояды. Атап айтқанда, «Қазатомөнеркәсіп» пен иорданиялық JUMСO ұлттық компаниялары бірлесіп ортақ кәсіпорын құрады.
«Қазақстан Иордания аумағында уран кен орнын игерумен айналысады. Егер бұл жұмыстар оң нәтиже берсе, ортақ кәсіпорын құрылады. Оның 70% үлесі – «Қазатомөнеркәсіпке», 30%-ы – Иорданияның ұлттық компаниясына тиесілі болады», – деді қор төрағасы.
Айта кетсек, кеше 26 тамыз күні Иордания Королі II Абдалла бен әл-Хусейн келген болатын. Иордания королін әуежайдан президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қарсы алды. Екі ел президенттерінің қазақ-иордан бизнес форумына қатысатыны айтылған.