
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен қазақ-иордан бизнес форумына қатысып, онда Қазақстан экономикасы сенімді түрде өсіп келе жатқанын айтты. Осы орайда Қазақстан мен Иордания арасындағы серіктестіктің елдегі бірқатар салалардың дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.
«Экономикамыз биылғы жеті айда 6,3 пайызға ұлғайып, сенімді түрде өсіп келеді. Оған өнеркәсіп, сауда және көлік салаларындағы жоғары көрсеткіштер мүмкіндік берді. Біз ауқымды саяси және экономикалық реформалар жүргізу арқылы осы қарқынды сақтап қалуға ниеттіміз. Сондықтан серіктестігіміз көптеген сектордың өркендеуіне септігін тигізетініне сенімдіміз», – деді президент.
Сонымен бірге Тоқаев Қазақстанның логистикалық мүмкіндіктері жөнінде айтты.
«Біз ірі халықаралық бағыттарды, соның ішінде Орта дәліз бен Солтүстік – Оңтүстік бағдарын белсенді түрде дамытып жатырмыз. Ақтау және Құрық порттары Каспий теңізі арқылы жүк тасымалдауда негізгі рөл атқарады. Былтыр Құрық портында астық терминалын іске қостық. Ол жылына 1 миллион тоннаға дейін жүк өткізе алады. Бұдан бөлек, Ақтауда өткізу қабілеті жылына 240 мың контейнерді құрайтын хаб салдық. Осы орайда Акаба портының стратегиялық әлеуетін бірлесе пайдалануға дайынбыз», – деді Тоқаев.
Президент елімізде атом энергетикасы ұлттық экономиканың стратегиялық тұрғыдан маңызды әрі тұрақты қуат көзі ретінде қарастырылатынын айтып, Қазақстан мен Иорданияның атом энергетика саласында ынтымақтастық орнататынын мәлімдеді.
«Қазақстан – жетекші уран өндірушілердің бірі. Елімізге әлемдік нарықтың 40 пайызға жуық үлесі тиесілі. Иорданиядағы уран жобалары бойынша «Қазатомөнеркәсіп» және JUMCO арасындағы келісім экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуде маңызды оқиға саналады», – деді.
Тоқаев екі елдің ауылшаруашылық және медицина салалары бойынша ынтымақтастық орнатуға келіскенін, тараптардың берік серіктестік орнатуға қадам жасағанын атап өтті.
Айта кетейік, кеше 26 тамыз күні Иордания Королі II Абдалла бен әл-Хусейн ресми сапармен келді. Екі ел басшылары Ақордада келіссөздер өткізді.