Иордания королі Тоқаевты «Әл-Нахда» жоғары орденімен марапаттады

Астанаға ресми сапармен келген ІІ Абдалла Қасым-Жомарт Тоқаевқа Иордан Хашимит Корольдігінің «Әл-Нахда» жоғары орденін табыстады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
ІІ Абдалла жоғары мараптты табыстай отырып, Тоқаевтың Иордания мен Қазақстан арасында достық пен ынтымақтастықты нығайту ісіне қосқан еңбегі ескерілгенін атап өткен.
Ал президент мұндай марапат табыстап, өзіне құрсмет көрсетіп жатқаны үшін ІІ Абдалла бен әл-Хусейнге және бүкіл иордан халқына алғысын жеткізді. Иордания королінің өз мемлекетіне сіңіріп жатқан еңбегін жоғары бағалап, мемлекет қайраткері әрі көшбасшы ретінде құрметтейтінін мәлімдеді.
«Бұл марапатты Өзіңізге деген шынайы құрметпен қабыл аламын. Осы айтулы оқиғаны Қазақстан Республикасы мен Иордан Хашимит Корольдігінің арасындағы өзара сенімге негізделген ынтымақтастықтың символы санаймын. Біз ықпалдастығымыздың жаңа көкжиегі белгіленген бүгінгі келіссөздердің қорытындысына баса мән береміз. Осынау маңызды сапардың нәтижесі серіктестікті одан әрі нығайтуға тың серпін береді деп сенемін. Елдеріміз арасындағы конструктивті диалог пен тығыз қарым-қатынас алдағы уақытта да кеңейе бермек. Бұл жаңа бағыттарды қамтып, екіжақты әріптестіктің дамуына ғана емес, өңірлік және жаһандық тұрақтылыққа да ықпал етеді деп ойлаймын», – деді ол.
Еске сала кетсек, Иордания королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейн кеше, 26 тамыз күні Астанаға ресми сапармен келген болатын.
Бүгін, 27 тамызда Ақордада Иордания королімен келіссөз жүргізілді. Екі тарап бұл келіссөз барысында уыл шаруашылығы, туризм, цифрландыру, мәдени-гуманитарлық салаларда серіктестік орнатуға келісті.