Марста өсімдікті тозаңдандыратын «робот-ара» жасалды

АҚШ ғалымдары жасаған «робот-ара» өсімдіктерді тозаңдандыра алады. Болашақта ол Марста, ультракүлгін жарықтағы жылыжайларда қолданылмақ.
CNN ақпаратына қарағанда, Массачусетс технологиялық институтының (қысқаша – MIT) ғалымдары салмағы қыстырғыштан жеңіл, араға ұқсайтын жаңа робот жасап шығарды.
Робот-ара бір секундта 400 рет қанат қағады
Ауада қалықтап тұрады. Тіпті аударылып ұша да алады. Ол бір секундта 400 рет қанат қаға алады.
Зерттеушілердің айтуынша, бұл «робот-ара» болашақта жасанды тозаңдандыруда үлкен рөл ойнауы мүмкін. Мысалы, Марста егін өсірген кезде жәндіктерді жеткізу қиын болғандықтан, мұндай технология таптырмас көмек болмақ.
Марста егін ексек…
«Біз аралардың таңғажайып маневрлерін қайталауға тырысып жатырмыз. Егер бір күні Марста өсімдік өсірілсе, тозаңдандыру үшін жәндіктер апарудың қажеті болмайды. Міне, сонда біздің робот кәдеге асады», – дейді MIT зерттеушісі И-Сюань.
Жоба жетекшілерінің бірі Кевин Ченнің айтуынша, мақсат – табиғи араны алмастыру емес, тек жәндіктер өмір сүре алмайтын ортада технологияны қолдану. Мысалы, қойма-жылжайларда немесе ультракүлгін жарығы бар егістіктерде аралар өмір сүре алмайды.
Робот-шегіртке де пайда болды
MIT командасы тек «робот-арамен» шектелмей, шегірткеге ұқсас тағы бір құрылғыны сынап жатыр. Бұл шағын робот 20 см биіктікке секіріп, шөп, мұз секілді кедергілерден оңай өте алады. Ғалымдар оның ұшатын роботқа қарағанда энергияны тиімдірек пайдаланатынын айтады.
Айта кететін жайт, Қытайда өткен роботтар жарысында Шымкент пен Түркістан оқушылары ерекше көзге түсті.