Тоқаев Иордания Королін «бауырым» деп атады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания Королі ІІ Абдалланы «бауырым» деп атады. Бұған Корольдің өзі рұқсат берген.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«Кеше маған Өзіңізді досым, тіпті, бауырым деп атауға келісім бердіңіз. Бұл мен үшін үлкен мәртебе әрі артықшылық. Қымбатты бауырым, Сіздің арқаңызда Иордания бізге етене жақын елге айналды», – деді Президент.
Тоқаевтың пікірінше, екі мемлекеттің халқы мәңгіге дос, бауырлас әрі сенімді серіктес болып қала бермек.
Сонымен қатар, Иордания Королі ІІ Абдалла ризашылығын білдірді.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі пікір алмасулар экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге жол ашады.
«Бұл форум Сіздердің компанияларыңыз бен мекемелеріңіз үшін бірлескен кәсіпорындар құруға және экономиканың орнықты өсуіне инвестиция тартуға арналған бағыттарды зерделеуге жол ашады деп ойлаймын. Біздің Үкімет пен Сауда-өнеркәсіп палатасы бүгінгі диалогты нақты жүзеге асыру үшін жұмыс істейді», – деп атап өтті Иордания Королі.
Мәртебелі қонақ қазақстандық серіктестерін Иорданияға шақырды. Бұл – осы ел басшылығының ұсыныстарымен танысудың таптырмас мүмкіндгі.
«Иорданиялық компаниялар қарқынды дамып келе жатқан Қазақстан нарығына инвестиция салуға ниетті. Осы форумда айтылған бастамалардың нақты жобаларға айналып, ұзақ мерзімді серіктестікке ұласуына бірлесе атсалысайық», – деді Король ІІ Абдалла.
Айта кететін жайт, иорданиялық компания елімізде асыл тұқымды құс өсірмекші.