Шоттан қолма-қол ақша алуға қатысты жаңа ереже енгізілмек

Ұлттық банк кәсіпкерлердің банктік шоттарынан қолма-қол ақша алуға қатысты жаңа ережелер әзірлеп жатыр / фото: KursivMedia мұрағаты
Ұлттық банк 2026 жылдың бірінші тоқсанынан бастап кәсіпкерлердің шоттан қолма-қол ақша алу тәртібін өзгертеді.
Жаңа ережені кім жасады?
Ұлттық банк кәсіпкерлердің банктік шоттарынан ақша алуға қатысты жаңа ережелер әзірлеп жатыр. Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Ол Агенттікпен (АРРФР) және Қаржы министрлігімен бірлесіп дайындалған.
Жаңа тәртіп қашан күшіне енеді?
Ұлттық банктің мәліметінше, жаңа қағидалар 2026 жылдың бірінші тоқсанында күшіне енуі тиіс. Ережеге сәйкес, кәсіпкерлер шоттан қаражат шешкен кезде оның мақсатын міндетті түрде көрсетуі қажет болады.
Нені көздейді?
Жоба жаңа Салық кодексінің күшіне енуіне байланысты әзірленген. Ұлттық банк өзгерістердің мақсаты – қолма-қол ақша алу процесін ашық ету және қолданыстағы нормаларды жаңа заңнамаға сәйкестендіру екенін атап өтті.
Регулятордың айтуынша, бұл бизнеске немесе жалпы экономикаға кері әсер етпейді.
Құжатқа қолжетімділік
Айта кетейік, «Ашық НҚА» порталында құжаттың тек қысқаша мазмұны ғана бар. Толық нұсқасы Ұлттық банк пен АРРФР сайттарында жарияланбаған.
2025 жылдың сәуірінде Қазақстанда қағаз ақша алу көлемі соңғы сегіз жылдағы ең төменгі деңгейге түскені белгілі болған еді.
Айта кететін жайт, Қазақстанда берілген кредиттердің жалпы қарыз қалдығы 45,7 трлн теңге болды.